22.03.2018, 17:07
Оқылды: 72

Сырым ауданының Өлеңтісінде тұңғыш рет Наурыз айтыс өтті

Өлеңті ауылында «Ұлы күні Ұлыстың, басы болсын ырыстың!» атты көпбағдарламалы Наурыз тойы өтті. Өлеңтіліктерді Наурыз мерекесімен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады. Ауыл ақсақалы Сайлау Какимов елге бата берді.

 Ауыл тойының сахнасы Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп – балабақша кешенінің ұстаздары мен оқушылары дайындаған «Армысың, әз Наурыз!» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Мерекелік концертте Тілек Құсайынов, Қасым Бисенғалиев, Бекей Қанатов, Нұртілеу Болат, Нұрсұлтан Қалешов сияқты ауыл өнерпаздары, сонымен бірге мектеп оқушылары Исатай Қанат, Әмина Мералы, Надежда Ермекбаева, Тимур Құрматов, Інжу Жиһанша, Айару Әлтен және «Жұлдыз» тобы өнер көрсетті.

Осы күні Өлеңті ауылында тұңғыш рет Наурыз айтыс өтті. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев пен қазақ эстрадасындағы танымал әндердің авторы, сазгер, ақын Орынбек Меңдіқұлдың айтысы шараның мәдени тартымдылығын арттырып, тойдың тынысына тыныс қосты.

«Қайсар» спорт клубының әдіскері Арман Төлеуов кір тасын көтеру, бөрене үстіндегі жекпе – жек, арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізді. Кір тасын көтеруден Жарас Ақмәди жеңімпаз атанды. Осы жарыстардың қатарында ауыл жастарының тіккен бәйгесі үшін аударыспақтан, асық ату мен қой көтеруден сайыстар өтті. Аударыспақтан Төлеби Қайыржанов,  асық атудан Қайырбек Әлихан қарсыластарынан мықты болып танылса, қойды 66 мәрте көтерген Асылбек Давлеев жарыстың жүлдесі – қойды ұтып алды. Спорттық жарыстар жүріп жатқан уақытта ауылдың үлкендері белсенді азаматтардың демеушілігімен, жергілікті мектептің қолдауымен жайылған Наурыз дастарханына құрметті қонақ болды.

Тұрғындар мен ауыл қонақтары үшін арнайы киіз үй тігіліп, дәм берілді. Өлеңтідегі Наурыз тойы түс ауа шақ аяқталды.

Бір айта кетерлігі, Өлеңтідегі ұлттық тойдың ұйымдастырылуы мен өтуіне ауылдың белсенді азаматтары бір кісідей жұмылды. Олар қолдарындағы қаржысы мен бастарындағы бірлігін біріктіріп, елге үлкен думан сыйлады. Наурыз тойы – өлеңтіліктер үшін бірліктің, бауырмалдықтың тойы болды. Шараны ұйымдастырушылар Ж. Досмұхамедов атындағы орта мектеп – балабақша кешенінің ұжымы мен Өлеңті ауылындағы әлеуметтік орталыққа ерекше алғыс білдіреді.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

IMG-20180321-WA0144 IMG_5684

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале