26.04.2025, 22:00
Оқылды: 464

Сырым ауданының жаңа төлтаңбасы бекітілді 

Сырым ауданы әкімдігінің отырысында ауданның жаңа таңбасы таныстырылып, бекітілді. Белгінің авторы - Қазақстан Республикасы дизайнерлер Одағының мүшесі Амангелді Еркінғалиев.

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов төлтаңба ауданның тарихи-мәдени болмысын, рухани құндылықтарын және табиғи байлығын бейнелейтін маңызды рәміз екенін атап өтті.
- Сырым ауданының төлтаңбасы ұлттық бірегейлікті, тарихи сабақтастықты және өңірдің заманауи даму бағыттарын үйлестіре бейнелейді. Жаңа нышан - Сырым өңірінің өткені мен болашағын біріктіреді, - деді аудан әкімі.

Жаңа белгінің пішіні – шеңбер, бұл бірлік пен тұтастықтың, үздіксіз дамудың символы ретінде алынған.

WhatsApp Image 2025-04-26 at 20.59.45
Жылқы – қазақ халқының көшпенділік өмір салты мен еркіндігінің айғағы. Сырым Датұлы - дала демократисының көрнекті өкілі. Жымпиты өңірінде Сырыммен идеялас тұлғалар шоғыры көптеп шыққан. Жаһанша Досмұхамедов Қазақстанның дербес мемлекеттілігінің моделі - Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесін басқарды. Абдолла Жұмағалиев те соғыста өлім мен өмір, ерлік пен ездік, уақыт пен мәңгілік арасында ұлы таңдау жасады. Міне, тулаған қос тұлпар Сырым ауданынан шыққан арыстардың асау мінезін бейнелейді және жас ұрпақты жасық болмауға шақырып тұр. Таңбаның ортасын қалқан мен үш найза орналасқан. Бұл элементтер ежелгі жауынгерлік рухты, тәуелсіздік пен ел қорғау идеясын білдіреді. Үш найза - үш жүздің бірлігі болса, елдегі әр аудан, әр ауыл, әр азамат осы құндылыққа қалқандай қорған болуын міндеттегендей.
Төбедегі жеті түйілген шеңбер - жеті қазынамызды жоғалтпауды тапсырады. Қазақ жігіті жүйрік аттай жараған, ақылы құмай тазыдай жүйрік, өзі елдік істе оқтаулы мылтықтай болуы шарт. Төменгі бөлігінде домбыра, қауырсын және кітап бейнеленген. Бұл – Сырым өңірінің өнерге, білімге және рухани дамуға деген көзқарасын көрсетеді. Домбыра – даланың дауысы Амангелдіден қалған мұра, қауырсын мен кітап – қазақтың өзін - өзін өлеңмен таныстырған Қадыр ақынның “сауыты мен сайманы”. Қалам мен домбыра біздің жалпақ жазираның - үні, тілі. Гербтің қос қанатын бидай масақтары көмкерген. Аудан халқының еңбекқорлығын, жергілікті егіншілік саласының дамуын және молшылықты сипаттайды. Бұл элемент Әнұрандағы “Алтын дән даласы…” сөзімен үндеседі. Масақтарды бойлай көк өскін көтерілген. Көк өскін - жас буын, жаңа ұрпақ. Елдің ертеңінде жас ұрпақ басты рөл ойнайды.

Түстік шешім:
– Жасыл түс – табиғат пен өміршеңдікті; – Алтын және қоңыр реңктер – тұрақтылық пен тарихи сабақтастықты; – Көгілдір аспан түсі – бейбітшілік пен ашықтықты білдіреді.

 

Б. Шерім,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале