20.08.2022, 14:28
Оқылды: 188

Сырым ауданының жастары Жетікөл ауылының тарихымен танысты

Сырым ауданында “Менің кіші Отаным” экспедициясы тарих тағылымын тарқатуды жыл сайын дәстүрге айналдырып келеді.

Аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Сырым жастары» ЖҚБ-ның ұйымдастыруымен ауданның әлеуметтік желідегі белсенді жастары, тарих пәнінің жас мұғалімдері мен музей қызметкерлері Жетікөл ауылдық округіндегі өзіндік тарихы бар “Дат мешіті”, “Сары құм”, “Омар ата”, “Айдарсор”, “Қазы ата”, “Сәт ата”, “Шошақмола”, “Айдарбек ата” зираттарына кішігірім шолу жасады.

жетікөл

Экспедицияға жиналған жастарға Жетікөл ауылдық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі, Даттың ұрпағы, тарихи орындардың тарихын кәсіби тарихшылардан кем білмейтін Айдархан Рамазанов бағыт бағдар беріп, тың ақпараттарымен, тарихи оқиғалармен бөлісті.

- Ауданымыздың басты байлығы - тамыры тереңде жатырған тарихы. Бізге мұра болып қалған бар байлығымызды ұрпақ санасына да бүгіннен сіңіруіміз қажет. Өзінің шыққан тарихын білген адам- рухани бай адам деп есептеймін,- дейді Айдархан Рамазанов.

жетікөл2

Жастардың ұсынысын құба-құп көріп, қолдау білдірген, Сырым аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Сәкен Нұркенұлының айтуынша, аталмыш экпедиция жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, тарихи құндылықтарды бойларына сіңіріп, айналасындағы өзге де жерлестеріне мақтанышпен насихаттай алардай шолу болды.

Ата-бабаларының найза ұшымен сақтап қалған жерлерін, қойнауына тарих тұнған киелі мекендерге сапарлап барған жастар тың деректерді біліп, тарихи орындарға естелік суретке түсіп, әлеуметтік желідегі парақшаларына алған әсерлерімен бөлісті.

Айжан Бауыржанқызы
Сырым ауданы
Суреттерді түсірген: Айман Өтеғалиева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале