Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерлері күніне орай «Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті редакциясының ұжымы танымдық сапармен көршілес Қаратөбе ауданына барды.
Екі ауданды тек шекара емес, тарих байланыстырады. 1917 жылы Жымпитыда Алашорда үкіметі орнап, кентте үкіметтің батыс бөлімшесі жұмыс жасаған болса, 1918 жылы ақпанда Қаратөбе ауданында батыс алашордашылар сиез өткізді. Бұл оқиға тарихта «Қаратөбе сиезі» деген атпен қалды.
Сырымдықтар танымдық сапарын Қаратөбе сиезі өткен тарихи орыннан бастады. Осы жерден белгілі өлкетанушы, Қаратөбе тарихының Геродоты Қайыржан Хасанов атындағы музей бой көтерген екен. Өмір бақи өлке тарихын түгендеп, елдің тарихи санасын тірілтіп, рухын жаңғыртып, алашордашылардың аманатына адал болып өткен Қайыржанның музейі Алаш жиыны өткен жерге салынғаны жөн болыпты. Өйткені, бұл оқиғаны да тарихи айналымға ұсынған жандардың бірі осы Қайрекең еді.
«Бұл алаш тарихындағы ІІІ сиез. Бір жыл бұрын ұйымдастырылған Орынбор сиезінен оралған алаш белсенділері жиынды өткізуге орталықтан шалғай Қаратөбедегі мешіт үйін таңдап алған. Сөйтіп жиынға елге танымал, беделді, билігі жүріп тұрған атқамінерлер мен дін иелері, ел-жұртқа сыйлы ақсақалдар шақырылған. Қонақтарды күтіп алу, ас-сумен қамдау жайын Жымпиты уезіне қарасты Сабынкөл болысы Макар Төкешов атқарып шыққан» деп жазған ол кезінде.
Музейде журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасанов залы мен Алаш залы бар. Залдар тартымды экспонаттармен, көрнекі көрмелермен жабдықталған. Негізгі ақпаратты, соның ішінде Хасановтың өмір жолы мен тұлғалық келбетін кіреберістегі электронды гидтің өзі-ақ таныстырады.
Осы жердегі мәжіліс залында қос газет редакцияларының кездесуі өтті. Кездесуге Қаратөбе аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин қатысты. «Қаратөбе өңірі» газетінің ұжымына «Сырым елінің» атынан құттықтаухатымыз бен Сырым мен Мұхиттың ағаш бетіне күйдіріліп салынған суретін ұсындық. Қаратөбелік әріптестерден де сондай сый қабылдадық. Газеттің жауапты хатшысы, белгілі журналист Мүсірбек Айташев туған ауданына «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты авторлық кітабын сыйлады.
Жүздесуде қос ауданның журналистері газеттің халық алдындағы беделін көтеру, оқырман алдындағы жауапкершілікті ақтау, жазылу науқанында қатарған қосылған жаңа оқырмандардың сеніміне ие болу жайлы сөз қозғап, ой бөлісті. Сыни мақаланы сауатты жазу мәселесі де айтылды.
Кездесу Қалдығайты өзенінің жағасындағы мәдени-демалыс кешіне ұласты.
Б.Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz