29.11.2021, 9:26
Оқылды: 62

Сырым елі сегіз ақынға – сегіз "Темір тұлпар" мінгізді

Сырым ауданында жазушы Жәрдем Тілековтың 110 жылдығына және ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, айтыс қайраткері Жүрсін Ерманның мерейлі 70 жасына орай "Ақындардың жырысың сен – азаттық!" атты Батыс Қазақстан облыстық оқушылар мен жастар айтысы өтті. Шараны Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен "Демалыс орталығы" МКҚК және ауданда екі жылдан бері жұмыс жасайтын Ж.Ерман атындағы айтыс мектебі ұйымдастырды.

IMG-20211127-WA0052

 

Сырымдықтар ақындарды кіреберістен әнмен, дәммен күтіп алды. Шараның салтанатты ашылуында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов сөз сөйледі. Жас ақындарға телеэкран арқылы айтыстың атасы - Жүрсін Ерманның өзі сәттілік тілеп, бата берді. Жүкеңнің Жымпитыға арнайы сәлем жолдауы - ел үшін құрмет, ақындар үшін жігер болды.

Айтысқа Әділ Ахметов, Райымбек Өтепов, Нұрдана Темір, Абзал Наурызғали секілді өңірге танымал жас айтыскерлер қатысты. Сырым ауданының намысын Ж.Ерман атындағы айтыс мектебінің шәкірттері - Қоңдыкер Елеуов пен Нұрым Амангелді қорғады.

IMG-20211127-WA0041

 

 

Оқушылар мен жастар айтысы Сырым ауданында осымен екінші мәрте өтіп отыр. Мақсат - жаңа таланттарды тану. Жымпитыдағы айтыс бүгін ол мақсатты толық ақтағандай. Себебі Сырым сахнасында Әлішер Сүндетов және Бекзат Баян деген қос құлынның тұсауы кесілді.

Әлішер Сүндетов – Орал қалалық мәдени - ағарту бірлестігінің жанындағы "Жұлдыз" комьюнити орталығының тәрбиеленушісі, белгілі ақын Орынбек Меңдіқұлдың шәкірті. Әлішердің айтыстағы тұсауын қаратөбелік ақын, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Райымбек Өтепов кесті. Ал екінші жас ақын Бекзат Баян ағасы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті Әділ Ахметовпен сөз сайыстырды. Бекзат Баян - түбі сырымдық, Орал қаласында тұратын көздіғаралық жанұяның баласы. Бүгінде белгілі ақын, VII "Алтын домбыраның" иегері Жансая Мусинаның "Мусина мектебінде" тәлім алуда.

IMG-20211127-WA0028

Ақындардың жұбы өнер көрсеткен сайын белгілі ақындар, Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының әдеби қызметкерлері Айнабек Бисенғалиев, Талғат Мықи саралап, сын - пікір айтып отырды. Бұл - кемшілікпен жұмыстану үшін керек әдіс.

Жымпитыдағы айтыста барлық ақынға тең жүлде берілді. Сырым елі сегіз айтыскерге сегіз "темір тұлпар" - велосипед мінгізді. Жас таланттың әрқайсысына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің алғысхаты мен Жүрсін Ерманның қолы қойылған арнайы тілекхаттар табыс етілді.

IMG-20211127-WA0044

 

Осылайша, айтыстың жас жұлдыздары алғашқы "темір тұлпарларын" Сырым елінен мініп, қанжығалары майлы аттанды. Олардан болашақта қазақ айтысының даңқты жауынгерлері шығады деп сендік.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале