Жандос Дүйсенғалиев 2012 жылдары “Сырым жастары” жастар бірлестігін басқарды. Оның қоғамдық-саяси қызметке деген ықылас ыңғайы сол уақта қалыптасып бастағанды.
Кейін Сырым ауданы әкімдігінде қызмет етіп, Қазталов ауданындағы мәдениет және спорт саласын да жетекшілік етті. Екі жылдай Орал қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне басшы болып жылу, жол, су секілді басты мәселелерін шешумен айналысты. Әр сала - бір мектеп.
Жандос Асхатұлы бүгінде Орал қаласы әкімінің орынбасары қызметінде.
Қай өңірде, қандай лауазымда жүрсе де Жандос туған жерін, бірге өскен ортасын ұмытқан емес. Ол ауылға деген сағынышты басу үшін - төл басылымын оқу керек деп санайды. Әкім орынбасары “Сырым елі” газетінің редакциясына хабарласып, 2023 жылдың екінші жартыжылдығына жазылып үлгерді.
Жандостың жанұясы - дәрігерлер династиясы. Әкесі Асхат Ғабделғазизұлы мен анасы Ләззат Аязбекқызы - ауданға танымал дәрігерлер, медицина саласының майталмандары. Інісі Бектас та ақ халатта.
Жазылым науқанына қолдау білдіріп, Жандос ата-анасымен әріптес болған Сырым аудандық орталық ауруханасының 10 ардагерін “Сырым елі” газетіне жаздырмақ.
Б. Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz