17.12.2025, 0:00
Оқылды: 4

«Сырым еліне» АҚШ-тан жазылды

Елтай ауылдық округіндегі пошташы Шандоз Батиева «Сырым елі» газетін шекара сыртында да оқиды, дәлірек айтсақ РФ, Орынбор облысы, Елек ауданында тұратын қандастар жаздырып алады дегенді естіп қуанып қалып едік.

photo-output

Тәуелсіздік күнінің қарсаңында білім сапарымен Америка Құрама Штаттарында жүрген ғалым Нұрхат Жакиев «Сырым елін» оқырмандарға жеткізу ісіне мен де атсалысайын деп қуантты. Әсілі, оқудан бір уақ ми тынықтырып, кофеханада ойымен оңаша кофе сараптап отырғанда көзіне «The New York Times» газеті көзіне шалынып, өзі туған елін сағынып отырған ғалым «Айтпақшы, Жымпитының да газеті бар еді ғой..» - деп жылы жымиған-ау.
Нұрхат Жакиев - физик-ғалым, физика бойынша PhD докторы. Оның Қазақстандағы жаңартылмалы энергия жүйесін компьютерлік модельдеу бағытындағы ізденістері мен жаңалықтарына мемлекет зор үмітпен қатап отыр. Жымпитыдағы Қ.Мырзалиев атындағы мектептегі физика пәнінің мұғалімі Ким Федяниннің кабинетінде оянған ұлы арман Нұрхатты бүгінде мұхит асырып, Гарвард қабырғасына жеткізді. Ол «Болашақ» бағдарламасы аясында Массачусетс штаты, Кеймбридж қаласындағы атақты университетте білім алып жатыр. Бұрын - соңды Жымпитының қай баласы Гарвардта оқып еді?!

Нұрхат Жакиев туған ауданының төл басылымының жұмысына сәттілік тілеп, 30 тұрғынды, оның ішінде аяулы ұстаздарын, көпбалалы жанұяларды және есепке жүйрік, физика-математика бойынша табыстары бар оқушыларды «Сырым елі» газетіне өз қаражатынан жаздырды.
Ғалым дамыған елдер де қағаз басылымнан бас тартпағанын, ел ішінде оқу мәдениетін арттырудың маңызды екенін атап өтті.
«Сырым елі» газетіне АҚШ-тағы адамдар да жазылып жатқанда, ауылда отырып, біз қалыс қалып қоймайық!

Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале