20.05.2020, 16:51
Оқылды: 71

Сырым елінің ибалы келіні еді...

«Гүлнар Дәукенова өмірден өтіпті» деген суық хабарды естігенде есеңгіреп қалғандай болдық. Бәлкім, қаңқу сөз, қағыс хабар болар деп, қайта-қайта сұрай бердік. Жаманат хабар қате бола ма, рас болды.

8F0244DE-8DB9-4939-9312-BEDEB0E5DF57

Атының өзі қорқынышты, сұм ажал елінің ерке қызы, қасиетті де киелі мекен Сырым ауданының ибалы да ізетті келіні танылып үлгерген Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші, сазгер Гүлнар Дәукенованы қуып жетіпті... Қайран дүние...

Қособа топырағында дүниеге келген талантты жерлесіміз, әнші, композитор, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымовпен иық түйістіре, күлімсірей, сыңғырлаған әсем дауысымен сахна төрінде тамылжыта ән салатын Гүлнар Дәукенованы ендігісін көрмейтіндігімізге сенгіміз келмейді.

Өнер жолында қолтықтаса бірге сапарлас жүретін Донеділ мен Гүлнар аудан орталығы Жымпитыға ат басын тіреуі сәтінде бірге болғаны әлі күнге көз алдымда.

Ол кез 2012 жылдың қазан айының іші болатын. Сол кездегі аудан әкімі Руслан Сапарғалиев, бір топ зиялы қауым өкілдері жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте фото-журналист Рафхат Халеловтің «Қазақтың Қадыры» атты көрмесі мен мектепке арнайы Қадыр атындағы сынып бөлмесінің ашылу салтанатының куәгерлері болды.

Қ. Мырзалиев атындағы қоғамдық қордың директоры Донеділ Қажымов шара кезінде мінбеге көтеріліп, Қадыр ақынның дүниеден өткен соңғы екінші өмірінің басталғандығын, ақын атындағы қордың ұйымдастырылып, жандана түсуі бағытында Қ.Нупов, І.Жақанов, Е.Раушан, М.Құлкенов, А.Бақтыгереева, Г.Дәукенова, М.Берген сынды азаматтардың мол үлестерін қосып жүргендігін айтқан еді. Тіпті, шара барысында аталмыш қордың директоры Донеділ Қажымов зайыбы Гүлнар Дәукеновамен ақын атындағы арнайы бөлмеге плазмалық теледидар мен DVD плеерді сыйға тартса, Ж.Досмұхамедов атындағы мұражайға ескерткішке компьютерді тарту етті.

Міне, осыдан сегіз жыл бұрынғы осынау айтулы, тарихи оқиғаның куәгері болып, ақын атындағы мектептің кең дәлізінде естелікке суретке түскен ақ жарқын мінезді, сырымдықтарға ибалы келін атанған, әнші, сазгер, жарық жұлдыз Гүлнар Дәукеновадан мәңгілікке айырылып қалғанымызға сенер-сенбесімізді білмей әрі-сәрі күй кешіп отырғанымыз да шындық еді, ағайын! 

- Сырымның жігіттері шетінен мықты, өнерлі, батыл келеді ғой,-деп Гүлнар Дәукенованың әзіл араластыра сөйлеген сол кездегі бір сәті де жадымда жатталып-ақ қалыпты.

Иә, «Мен туралы ойладың ба?», «Айлы түн», «Жеңешем», «Күрең күз», «Сағындым сағым жылдар» әндері шырқала берер. Бірақ Гүлнар Дәукеновадай нақышына келтіре орындап, тыңдаушысын еліте баурап алатын әншілер сирек екендігі рас.

«Тас түскен жеріне ауыр», - дегендей ауыр қаза атпалдай азамат, өнер иесі Донеділ Қажымовқа, отбасына, ағайын-тумасына ауыр соққы болды.

Аты өшкір сұм ажал тек Қажымовтар отбасын ғана емес, аудан жұртшылығын, өнерсүйер халықты есеңгіретіп тастады.

Жыл сайын көлде жүзген қос аққудай бола елге келіп, халқын ән-жырға бөлеп кететін Донеділдің Гүлнары енді келмейтіндігіне сенгің, тіпті естігің де келмейді.

Дүние-ай, қамшының сабындай қысқа мына ғұмырда сахнаның сәнін келтіре әндерін шырқайтын Гүлнар Дәукенованың да дәуірі өтті.

Көңілге демеу етерлігі - соңында өлмес әндері, жырлары қалды. «Орнында бар оңалар»,- дегендей Гүлнардың ұрпағы, отағасы Донеділ, ағайын-тумалары бар, шүкіршілік.

Қош, Гүлнар, пейіште мекенің жарық, иманың жолдас болсын. Өнерсүйер халқың сені ұмытпайды! «Сағындым сағым жылдар» деп өзің шырқағандай Гүлнар есімің сағынышқа айналып қала бермек...

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале