Сырым ауданындағы әкімдердің халықпен жүздесулердің сипаты есептік жиыннан гөрі, семинарға көбірек келіңкірейді. Себебі, ауылдағы шаруа ағайын аудан әкімі Төлеген Төреғалиевпен және сала басшыларымен бетпе-бет жолығып, ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың шарттары, оған қатысу мүмкіндіктері туралы сұрауда.
Кездесулерге Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Жанболат Мырзашев та қатысып жүр.
- Аудандағы қылмыстық ахуал – қалыпты. Тәртіпті тұрақтандыру жұмыстары ұдайы жүріп жатыр. Дегенмен мал ұрлығы қылаң беруін қояр емес. 2023 жылы Сырым аудандық полиция бөлімі 2 мал ұрлығы фактісін тіркеді. Түліктер былтыр еркін жайылымда жүргенде жоғалған. Қорадан ұрланғандар табылып, ұрылар қолға түсуде. Ал өрістен қайтпай қалған малдың ізін табу өте қиын. Себебі, иелері малдарының нақты қашан, қай күні қолды болғанын білмейді. Сондықтан есептік кездесулерде ауылдастарға көктем шықпай тұрып, мал бағымы мәселесін шешіп, бақташысын тағайындап алуын сұраймыз. Қараушысы бар малға қарақшы тимейді.
Екінші мәселе – ел арасында алаяқтықтың құрбаны болғандар көбеюде. Биыл 1 қылмыс тіркелді. Тұрғын көп табысқа кенелмек ниетпен рейдерлік компанияға қаражат аударған. Бірақ табыс түгілі, салған ақшасын да кері ала алмаған. Халықта адал еңбекпен пұл табуға, «батпанқұйрықтарға» алданбауға шақырамыз, – дейді полиция подполковнигі Жанболат Мырзашев.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz