Ұлт ұлағатын ұрпақ санасына сіңірген ұстаз Марат Қадыровтың 85 жас мерейтойы жалғасын тауып, құрметті қонақтар Сырым ауданындағы ақ үйдің төрінен табылды. Мұнда меймандарды аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қабылдап, дәм ұсынып, ілтипатын көрсетті.
Шынайы ықыласқа, жылылыққа толы бас қосуда Марат Сақыпұлының туыстары, Баянбек Ғұмаров, Есберген Әжібаев, Марат Оңғарбеков, Сәния Отарова, Бекет Қабасов, Тауфик Елеубаев,тағы да басқа ардагерлер, құрметті қонақтар болды. Көңіл төріндегі естеліктер жаңғырып, жүректен шыққан шынайы лебіздер айтылды. Марат Сақыпұлының өміріндегі айрықша орын алған жан – досы, Мереке Ахметов тебірене сөз сөйлеп,
— Мерейтой иесімен Орал педагогикалық институтында 17 жасымызда таныстық. Содан бері жетпіс жыл өтті, арамыз ажыраған емес. Қиын-қыстау замандарды бірге өткеріп, отбасымызбен араласып келеміз. Балаларымыз да бірге өсіп, бір үйдің баласындай араласты. Мараттың сабырлылығы, тұрақтылығы, достарына деген адалдығы – нағыз азаматқа тән қасиет. Осындай көрнекті тұлғаның мерейлі күнін лайықты атап өтіп жатқан Сырым жұртшылығына, ұйымдастырушыларға, ұрпағына алғысым шексіз, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Ақжарма тілек, әдемі әзіл, әсерлі әңгімемен өрілген кездесуде Марат Қадыров жастықтың жалын шақтарын, Оралдағы педагогикалық институт қабырғасындағы қызықты күндерді шебер әңгімелеп, естеліктермен бөлісті.
Отырыстың толқынысты сәтінің бірі Дәмелі Ахметованың сөзі болды. Ол өзінің сырлас құрбысы, Марат Қадыровтың өмірлік серігі, ардақты жары болған, өмірден өткеніне 20 жыл толған Света Тоқтарова туралы тебірене айтты.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы