Осыдан екі күн бұрын азаматтардың ат мініп, Орал шаһарынан Сырым даласына қарай бет алғанын жазған едік. Ту астында тулаған тұлпарлар тұяғы кеше қас қарая Жымпитыға аман ілікті.
«Ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып» келе жатқан жорықшыларды қала беттегі қақпаның алдынан ауылдан шыққан бір топ аттылы қара қиқу-құрметпен күтіп алды.
Жайықтың бойы – Сырымның қалың қолмен казак бекіністерін шапқан жері. Борбастаудың бойы, Шалқар алқабы – батырдың саяси қарсыласы, Кіші жүздің ханы Нұралының қоныс ауыстырып жүргенде, уақытша тұрақтап, орда тіккен жері. Шолақаңқатының бойында Сырым шыққан төбе тұр. Міне, сол себепті, Республика күні мен даланың даңқты батыры, биі Сырым Датұлының 280 жылдығы құрметіне жолға шыққан жігіттер жорықтарын «Сырым батыр жолымен...» деп атапты. Идея авторы – белгілі кәсіпкер Мұратбек Мұхамедиев. Аттылардың ішіндегі Сырым батырдың ұрпағы 11 жасар Шерхан Қайырсапа да бар.
Жорықшылар баба кесенесінің маңына аялдап, ат суытты. Таңда тұрып, күн шапағымен жарысып, сапарларын жалғастырды.
«Сырым батыр жолымен...» келген керуенді салтанатты қарсылау шарасы С.Датұлы атындағы стадионда өтті. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев даланы дүбірге бөлеген 140 шақырымдық жорықтың астарында елжанды азаматтардың «ұйқыдағы рухты оятар» ниеті мен туған жерге деген құрметтері жатқанын айтты. Атты топтың атынан ҚМДБ-ның БҚО өкіл имамы Бақытжан Құралбайұлы сөз сөйледі. Жорық туы салтанатты түрде Сырым ауданына табысталды. Біздіңше, сапар Жымпитыдан Қаратөбе, одан әрі Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз айналып, Сырымның халық кеңесін құрған тарихи жерге дейін жалғасуы керек сықылды.
Осы күні Сырым ауданында «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен аударыспақтан аудан біріншілігі өтті. Күлік үстіндегі күрестің жеңімпаздарын самбодан 4 дүркін Әлем чемпионы, Орал қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің ұлттық спорт мектебінің директоры Ерболат Байбатыров марапаттады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz