Биыл Сырым ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын орындаумен айналысатын халықты жұмыспен қамту орталығы ашылды. Он ай ішінде орталыққа 1253 адам жолығып, 1424 адам жұмыспен қамтудың әр түрлі шараларына тартылды.
Атап айтқанда, бағдарламаның «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» атты бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді курстарға орталық арқылы 90 адам жолданып, оқуын аяқтаған 90 адамның 54-і жұмысқа орналасты. Ал «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша осы жылдың 10 айында 88 адам «Игілік», «Сыбаға», «Кәсіпкер», «Іскер» бағдарламасы аясында 301.2 млн теңге несие алды. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне 167 адам оқытылды.
Орталықтан алған мәліметімізге сүйенсек, 2018 жылы аудан бойынша 95 жас маман жастар тәжірибесінен өткен. Сырым ауданында жыл басынан 506 жаңа жұмыс орны ашылып, соның ішінде 264 тұрақты жұмыс орындары құрылды. Жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес жұмысқа орналасқандар саны 660 адамды құрады.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер