Бүгін – ақын Абдолла Жұмағалиевтің туған күні.
ХХ ғасырдың 30 жылдары қазақ әдебиетінің теңізінде өлеңдерімен қуатты толқын ойнатқан асау ақын Отанның екінші шетіндегі оқ дауысын естіп, тыныш жата алмады. Майданға аттанды. Мәскеу түбіндегі шайқаста қайнаған қолға жалғыз өзі қарсылық көрсетіп, опат болды. Бекінген ағаш үйі отқа оранып, ақын алауға айналып кетті.
«Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылы 13 қаңтарда шыққан №10 (6240) санында гвардия капитаны В. Григорьевтің «Герой – ақын!» деген мақаласы бар.
Үзінді келтірейік: - Деревня бізге дөң басынан айқын көрініп тұр, әсіресе, самаладай жалғыз үйдің жалыны аспанға шығады. Жалын ішінде автомат дауысы естіледі.
Соғыс үстінде біз қаһармандық пен ерліктің талай үлгісін көріп жүрміз. Бірақ, жау қолында қалған жалғыз үйдің ішінде арыстандай алысқан айбатты ақынды көз алдымызға келтірген оның ерлік қимылы бізге батырлықтың асқар шыңындай сезілді. Ол өзінің өлерін білді. Ақтық сағат үстінде зор даңқпен өлуді тіледі. – деп жазады ол.
Биыл Абдолланың туғанына - 115 жыл. Бүгін туған жері Сырым ауданында бірқатар мәдени шаралар өтті.
Абдолла оқуларының ашылуында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов:
- Биыл ҚР Үкіметінің 2024 жылы 31 желтоқсандағы қаулысымен 2025 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығын мерекелеуге дайындық жасау және өткізу жоспары бекітілді. Сондай-ақ ТМД мемлекеттері басшылары Кеңесінің шешімімен Жеңістін 80 жылдығы – нацизмге қарсы күрестегі бейбітшілік пен бірлік жылы деп жарияланды.
Бүгін Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қаһарман қаламгер Абдолла Жұмағалиевке арналған мәдени-шаралар ресми түрде басталды.
Осы шараның алғашқы қарлығаштары – ақын жырын жаттаған балалар!» - деді Серік Әнуарұлы.
Жыл бойына абдоллатану бойынша Сырым ауданы бірқатар шаралар өткізеді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы