Ағаш – біз үшін жай ғана ағаш, ал шебердің жанарымен қарасаң, ағаш – сан алуан ой, түрлі туынды, тіпті шедевр.
Ағашты адам өмірінен бөле қарауға бола ма?! Шыр етіп дүние есігін ашқан соң ағаш бесікке тербеліп, дәм-тұзы таусылып соңғы сапарға да ағаш табытпен қайтатын адамзат оған қалай жауап берер екен?! «Алтын балтаның да сабы ағаш» дейді қазақ.
Сол тірі табиғаттан түрлі бұйымдар тұрмыстық заттар жасап шығару үшін де шеберлік және шыдамдылық қажет. Өйткені, еңбек ептілікті әрі төзімділікті сүйеді. Жымпиты ауылында сондай адам тұрады. Ауыл айналаға ағаш шебері ретінде танымал Нәжімеден Шәмшеденұлы биыл алпыстың алтауында. Түр-тұлғасына, бой-болмысына және күнделікті атқарып жүрген тірлігіне қарасаң Нәжімеден мырзаны алпысты еңсерді демессің. «Алпыс деген тал түс» деген сөздің дәлелі – бұл кісі.
Күннің көзі күлімдеп, жер бетіне шуақ шашқан уақытта ағамызға көрісіп, әңгімелесіп қайттық. Ақсақал малын өріске шығарып салып, қайтадан жылы төсекке күмп етпей, ауласындағы тірлігіне кірісіпті. Сантехникалық сақиналарын құюда екен. Цементпен құмды араластырып,қалыпқа құя салу қарап тұрған кісіге ғана оңай. Себеб бұл шаруа шеберліктен бөлек үлкен қара күшті талап етеді. Еңбек ерінің айтуынша: «Тірлік қылған адам ғана өмір сүрдім деп айта алады. Өмір сүру ол – тірі жүру емес. Өмір сүру – еңбек ету», - дейді шебер. Ойланып қалдық.
Ұста тек ағаштан емес, темірден де түйін түйген адам. Біраз ауылдастардың үйіндегі қатты арматурамен зерленген, қазақы стильде оюланған қақпалар көше бойының ажарын ашып тұр бүгінде. Олардың көбі – біздің шебердің төл туындысы.
Сырымдықтарды ауданымызға белгілі «Али» мейрамханасының жазғы ауласы күтіп тұр. Ол бір жағынан тамақтанатын орын болса, бір қырынан қарағанда Мамбетияров Нәжімеденнің көрмесі деуге болады. «Бір тал шапсаң,он тал ек» деген сынды «ағашты аялаңдар, сындырмаңдар» деген сөзді ағаштан жасалған кітаптан оқушы едік қой. Бірақ шебердің жасаған дүниесіне қарап, бұл ағашта арман жоқ шығар дейсің.
«Әкеге қарап ұл өсер» деген, Нәжімеден мырзаның ұлы – Шадияр аудандық «Сырым» коммуналдық кәсіпорнының қызметкері, су шаруашылығының маманы. Шебердің қызы Ақмарал да, өмірлік жолдасы Раушан да – өзі айтқандай «тірі адамдар». Олар да күннен бұрын тұрып сиыр сауып, дастарханына ақ иіткен жандар.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы