30.03.2025, 9:43
Оқылды: 89

Сырымда Айт тойы басталды

Жымпитыдағы орталық мешітке жиналған жамағатты Ораза айт мерекесімен Сырым ауданының бас имамы Нұрәлім Қисметов құттықтады.

IMG_0028

- Бірінші тілегіміз - елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы. Тыныштық пен татулық бізге еркін білім алуға, жайбарақат құлшылық етуге мүмкіндік береді. Алла тағала қазақ даласына береке төксін, елдің іші мен сыртын дін дұшпандардан, алауыздықтан сақтасын! Отыз күн бойы таңнан кешке дейін ауыз бекітіп, ішу мен жеуден тыйылып, өзімізді тәрбиелеуге тырыстық. Бұл тәрбие мектебі қалған уақытта да бізді ізгілік пен иманға шақырып тұрады. Ораза біткенмен, Алланың мейірімі бітпейді. Мешіттің есігі Рамазан айынан басқа уақыттарда да ашық. - деді бас имам.
Намаздан кейін Айт құтбасы оқылып, дұға қылынды.

Іле-шала мешіт ауласында  БҚО Дін істері басқармасы қолдауымен «QUBYLA Media»  ұжымы жариялаған спорт және білім сайыстары басталды. Әлді жігіттер арқан тартысып, одан кейін табан тартысып, қол күрестіріп, кір тасын ойнатып, жанкүйерлік қылған жұрттың қиқуымен Айт халықтық мерекеге айналып шыға келді.

IMG_0013

«QUBYLA Media» мен Сырым аудандық орталық мешіті Айт мерекесіне орай балаларға тәттілер қоржынын таратты.

Алла үйінің ауласында ақ боз үй тігіліп, тойшы қауымға дастархан жайылуда.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале