Бүгін Сырым ауданында Амал мерекесіне орай «Амал келді – жыл келді» атты мәдени шара өтті.
Амал - қыс пен көктемнің алыс - берісінде Тәңір тағала көктемнің таразы - табағына бірер уыс мейірімін артықтау салған күні шығар. Амал тойы жалпыхалықтық болмаған күннің өзінде, боз үй тігіп, қазан көтеріп, түтін түтетіп, тірі елдің тірлігін жасау - Сырым даласында бар дәстүр.
Бүгін салтанатты сахнада Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов жерлестерін табиғаттың жаңарған күнімен, Наурыз тойының алғашқы лебімен құттықтады. Ел мерекелі, жер берекелі болуын тіледі.
Сахнада әнші-жыршылардың думаны. Алтыбақанда тербетілген бозбала - бойжеткендер. Ат мініп, тазы ерткен ұландар. Асық атқан балалар. Бөрік - тымағын сәл көтеріңкіреп, күн шуақта жадырап отырған қариялар. Қара қазан. Ыстық бауырсақ, қою көже.
Киіз үй. Дархан дастархан. Сырым еліндегі Амал тойының картинасы міне осындай!
Жиналған жұрт алдында аудан көркемөнерпаздары концерт берді. Әншілер шеруі, “Жауқазын” би тобының биі, “Сырым сазы” фольклорлық ансамблінің, халықтық “Ақ ниет” әжелер алқасының әндері, оқушылар Айбын Берікқали мен Мереке Айжұлдыздың айтысы елге ұнады.
Бүгін Амал мерекесіне арналған шарада ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мекеме қызметкерлері арасындағы спартакиада қорытындыланды. Командалық есепте Қадыр Мырзалиев атындағы мектеп чемпион атанды. Кейінгі орындарды Сырым лицейі мен аудандық аурухана бөлісті.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы