Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сырым ауданында "Егеменді елдің еңсерген 30 жылы" атты бірыңғай ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды.
Жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор тәрбие сағаттарына Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, аппарат басшысы Медет Мырзаш бастаған аудандағы мекеме-ұйым басшылары әрбір округтегі, елді мекендердегі 20-ға жуық мектептер мен Сырым колледжінде тәлім сағаттарын өткізді.
Тәрбие сағаттары еліміздің өткені мен бүгіні, болашағы жайындағы оқушылардың пікірсайыстары мен танымдық ашық сабақтарына толы болды.
Аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берік Жанболсынов Бұлдырты орта мектебінің оқушыларымен жүздесіп, еркін форматта әңгіме өрбітті.
Айта кету керек, аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздікке арналған бірқатар танымдық шаралар, рух беретін "Атамекен" челленджі де бүгінде аудандағы мекеме қызметкерлері тарапынан қолдау тауып отыр.
- Тәуелсіздіктің мәртебесін биікте ұстап тұру, оны жас ұрпаққа насихаттау - біздің борышымыз. Болашақ - елін сүйетін жастардың қолында. Жыл бойы тәуелсіздікке арналған рухани, танымдық шаралар да осы мақсатта өткізіліп келе жатыр. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, - дейді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz