12 ақпан күні Сырым ауданында ат спорты түрлерінен аудандық ашық турнир өтті. Осыған дейін бұл бағыттағы шараларды «Қайсар» спорт клубы ұйымдастырып жүрген болса, бұл жолы халықтық қызыққа Ессұлтановтар әулеті бастамашы әрі демеуші болды. Олар әкелері Сағидолла Қабылғалиұлының 73 жасына ат шаптырып, той бергенді жөн көріпті.
Алаңға әуелі көкпаршылар шықты. Ақсақалдар бата жасап, қара серке бауыздалып, денесі додаға тасталды. Алғашқы кездесу Ақжайық ауданының «Құлагер» және Шыңғырлау ауданының «Бөкенбай батыр» көкпар командаларының арасында өтті.
Серке әп – дегеннен жерден көтеріліп, шабандоздардың тақымында кетті. Міне, шыңғырлаулық Жұбаныш Түймешов Алға атты тұлпарымен қардың ақ көбігін шығарып шауып барады. Салған күйі «Құлагердің» қорғанысын бұзып – жарып, қазандыққа жетіп барды. Тастады. Алғашқы салым. Халық шу етті. Бұл Жымпитыдағы бірінші көкпардың бірінші салымы. Ел сосын шулайды, сондықтан сүйсінеді.
«Бөкенбай батыр» «Құлагерді» 0:6 есебімен ұтты. Кейін Қаратөбе ауданының қос командасы «Үшағаш» пен «Бірлік» өзара мықтыны анықтады. Екі кезең бойы тең ойнаған командалар тартысының тағдырын қосымша ойын шешті. «Үшағаш» жеңді. Араға бірер сағат салып доданың басында Шыңғырлаудың шабандоздары Сырым елінің жігіттерімен кездесті. Төрешінің қолы сермеліп үлгерместен, алаңда апыр – топыр ойын басталды. Сырым ауданының құрамын осал дей алмаймыз. Себебі, ішінде дәл осы ат спортының сайыпқыраны Төлеби Қайыржанов пен республикалық чемпионаттарда өнер көрсеткен белгілі көкпаршы, өлеңтілік Ақтілек Сәрсенов бар. Дегенмен, жігіттің намысы оқсағанмен, аттың шабысы оқсамай, біздікілер біраз қиналды. Серкелер көтерілуін көтерілгенімен, қазандыққа жетпей жатты. Жылқылар «туралап айда - ға» көнбей қойды не жылдамдықтан алдырды.
Сырымдықтар келесі ойында Ақжайықтың «Құлагерімен» жолықты. Бұл ойында Ақтілек екі қайтара салым салып, көрермендерді бір – екі сілкіндіріп алды–ау. Дегенмен, қос салым «Құлагердің» жеңіске деген мүмкіндігін азайта алмады.
Сонымен, көкпардың бас жүлдесіне тігілген тайды «Бөкенбай батыр» Шыңғырлауға алып кетті. Жігіттер оны сойып не сатып, елдегі аз қамтылған жанұяларға көмек таратамыз депті.
Құптарлық – ақ іс. Аударыспақта ақжайықтық жігіттердің бағы жанды. 80 келіге дейінгі балуандардың арасынан Жанаділ Ғазезов, одан жоғарыларды Қайнар Құсмағұлов жеңді. Тай жарысының жүлдесін Тайпақтан келген Асылжирен иеленді. Шабандоз – Досымжан Үмбетов. Кейінгі орындары біздің ауданның жас жүйріктері елге алып қалды.
Айтайын дегеніміз:
«Ас бітіп, жиын тарқағаннан» кейін көкпарды жүргізген ұлттық спорттың жаттықтырушысы, бүгінде Шыңғырлау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бектияровпен хабарластық. Ат спорты Торыатбасының етегінде 2015 жылдан бері қолға алынған екен.
- Көкпарда 80% ойын тікелей жылқыға байланысты. Жақсы, текті тұлпар керек. Біздің команданың ойыны да аттарды ауыстырып, тұқымды жылқыларды мінгеннен кейін түзелді. Әрине, жаттығу да көп нәрсені шешеді. Ат иесін, иесі атын түсінуге де дайындық пен уақыт керек. Бүгінде «Ат та, бап та емес, қан шабады!» - деген сөз де жиі айтылып жүр. – дейді Манарбек мырза.
Жуырда ғана БҚО «Бәйге» федерациясының Сырым ауданындағы өкілі болып сайланған Төлеби Қайыржанов та бұл пікірге қосылып отыр. Кешегі жарыстың біздің аудан үшін тамаша тәжірибе, үлкен сабақ болғаны анық. Енді тоқтамау керек, жігіттер!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
Суреттерді түсірген: Жасқанат Есламғалиев