Сырым ауданында Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай өтетін «Ер есімі – ел есінде» атты салтанатты шара өтті.
«Ауғандықтар» – бейбітшілік сарбаздары. Басқа анықтама керек емес! Олар анттарына адал болды, саппен барып отқа кірді. Қазақтан шыққан жауынгер-интернациолистер кейінгі буынға рух пен батырлықтың ұстазы бола алады, - деді шарада сөз сөйлеген «АМАНАТ» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев.
Ауғандықтар атынан Ғаділ Қазиев сахна көтеріліп, жас буынға ағалық ақылын айтты.
Біздер Ауғанстанның оңтүстік шекарасын қорғадық. Қару алсақ бейбіт халықтың берекесі қашпасын деп қару алдық, оқ атсақ тыныштықты бұзғандарды тоқтату үшін аттық. Ауған соғысы туралы тарих ескірер, бірақ ұмытылмайды. - деді майдангер. Ғаділ Қазиев Аралтөбе ауылында дүниеге келген. 1981 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, Белоруссия, Пәкістан, Вьетнам, Ауғанстан елдерінде болды. Кеудесіндегі «Жауынгер-интернационалист» белгісі оның да қанды шатқалдан аман шыққанын айғақтайды.
Шара Сырым ауданы көркемөнерпаздарының концертіне ұласты. Сахнада үлгілі «Айналайын» би ансамблі, Айгүл Сисенова, Ақбота Ыбыраева, Алмагүл Жұма, Нұрлыбек Байнияз, Серік Сағидуллин, Сәлімжан Әубәкіров секілді әншілер және дәстүрлі әндерді орындаушылар – Мерген Мұқанов, Армат Алдамжаров, Жымпиты халық театрының артистері – Есбол Ниетқали, Ақылбек Бекболатов өнер көрсетті.
Балалар саз мектебінің жанындағы Дархан Қажығалиев жетекшілік ететін «Шабыт» ансамблі «Тепеңкөк» күйін орындады.
Әнші-композитор Алмас Елшібековтің ақын Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған «Ауған әнін» ұсынды. Ринат Шайхиев орындаған Ю.Кирсановтың «Кукушкасы» ерлік кешінің мазмұнын аша түскендей. Ауғандық ағалар Ю.Шкитуннің «Виват шурави» әнін тыңдап, бір жасап қалды. Рухты көтеретін ойнақы әуеннің аясында отырып та олар ауған тауларында жауқазын күндерін, жастай солған майдандастарын еске түсіріп, көздерінен мөлдір тамшы үзді. «Салам, Бача!» деп шырқаған — Армат Жұмагелдиев пен Гаухар Хусайнова.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы