Сырым аудандық мәслихатының кезекті XIX сессиясы өтті. Отырысты мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева жүргізді. Жиынның күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды. Солардың бірі - «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының Сырым ауданында орындалу жайы.
Баяндама жасаған аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаковтың айтуынша, 2021 жылы ауданда бірқатар құрылыс жобасы атқарылған. Атап айтсақ, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жымпиты ауылы Алаш Орда көшесіндегі музей ғимаратын реконструкциялау жобасы орындалып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Тасқұдық және Көгеріс ауылына спорт алаңы салынған. Бұдан бөлек, Алғабас ауылындағы 15 тұрғын үй алаңына су құбырын, электр және газ желісін тарту жұмысы аяқталған.
Сол секілді, халықтық сұраныста тұрған кейбір нысандарды салу бойынша да жобалық-сметалық құжаттар даярлануда. Мәселен, Жымпиты ауылындағы кітапхана құрылысы үшін құжат дайындау ісі 2021 жылы басталды. Қазіргі таңда ЖСҚ сараптамадан өткізілуде.
Тоғанас ауылындағы мәдени-демалыс орталығының да сұлбасы қағазға сызыла бастады. Нысанның жобалық құжаты аяқталып, сараптаманың оң қорытындысын алды. Жүзеге асыру үшін республикалық немесе облыстық бюджеттен қаржыландыру көзін қарастыруға құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Басқармаға бюджеттік өтінімі ұсынылғандардың ішінде Жымпиты ауылынан мал моласын салу жобасы да бар.
Биыл Сырым ауданы бойынша 10 құрылыс жобасы жүзеге асуда. Өлеңті ауылына 42 үйдің орнына инженерлік-коммуналдық желі тартылып, Көздіғара және Жырақұдық ауылдарында әмбебап спорт алаңдары салынып жатыр. Ең игі істің бірі – «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Алғабас, Қарағанды, Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық және Көздіғара ауылдарын ауыз сумен жабдықтау жұмыстары басталды. Бұлдырты ауылынан спорттық зал салу ісі сағыздай созылып кеткенді. Ауылдағы спортшылар үшін жаттығу ғимаратын дайындаудың тиімді жолы ретінде модульдік ғимарат сатып алу қарастырылуда. Жобаның құны 270,0 млн. теңгені құрайды. Мерзімі – 6 ай. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталы ашық конкурс берілді. Шілде айында мердігермен келісімшарт бекітіледі.
- Әр жоба, әр құрылыс, қаланған әрбір кірпіш – ауылдықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жасалған қадам. Себебі ауыл – елдің бесігі, – деді Артур Искаков.
Артур Сүндетұлы құжаты дайын, алайда қаржысы жоқ жобаларды да атап өтті. Әсіресе құжатының мерзімі өту шегінде тұрған шаруалар бар. Үкімет қаражатының ысырап болмай, жобалар уақтылы аяқталуы үшін аудандық мәслихат депутаттарының да белсенділігі, үні, кейде жанайқайы қажет болады.
Жиналысты Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асланбек Сарқұлов қорытындылады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz