Бүгін Сырым ауданында электр торабы мекемесінің бас кеңсесі пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Бауыржан Бектұрған және Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты.
Сырым аудандық электр торабы 1972 жылы құрылған. Мекеме 9 ауылдық округтегі 48 елді мекенге тәулік бойы үзіліссіз электр қуатын таратады. Тораптың иелігінде 510 шақырым 10 кВт әуе желісі, 266 шақырым 0,4 кВт желі және 149 дана жинақты трансформатор бар. Олар 9 станция арқылы реттеледі. Негізгі нүкте, яғни 110/35/10 кв қосалқы станциясы Жымпитыда орналасқан.
Көктемдегі қар суының толығуымен Өлеңті өзенінің арнасынан тасуы салдарынан жағасында тұрған тораптың бас кеңсесі екі жыл қатарынан суға кетті. Биыл ғимарат ортан белінен суда қалды. Жаңа кеңсе мемлекеттің тасқынның зардаптарын жою бағытындағы шаралар жоспарына сай салынды. Құрылыс жобасының құны – 53 млн теңге. Мердігер – «Asku Energy» ЖШС.
Электр торабы үшін жаңа, кең ең бастысы заманауи ғимарат салынуы – салалық маңызды шара екенін атап өтті Бақытжан Нарымбетов.
Орталық кеңседе оперативті кезекші пункт орналасады. Соңғы жылдары тораптың техникалық базасы біраз жаңарды. Басшы Мақат Шамардың айтуынша, былтыр моторлы шана, ал биыл «Соболь» автокөлігі «сапқа тұрды». Жаңа ғимаратта автокөліктер үшін жылы гараж бар.
Нысанның лентасын Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов және сала ардагері Біран Қажымов қиды.
Мекеменің жедел қосушы кезекшісі Ернияз Кенжебаев «Энергетика ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Айта кетейік, Сырым аудандық электр торабында 53 қызметкер еңбек етеді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы