«Менің аулам – менің бағым» акциясы аясында Сырым ауданына қарасты Бұлдырты ауылының 1971 жылғы түлектері бірігіп, өздері түлеп ұшқан білім ошағының алдын жемісті желекке айналдыруға мүдделілік танытты. Олар мектеп ауласына 4 түрлі алма сортынан 20 түп алма ағашының көшетін отырғызды.
Бұлдырты орта мектебін 1971 жылы 30 түлек аяқтаған болатын. Бүгінде «ата» атанып, халық игілігі үшін жасаған қызметінің зейнетін көріп отырған ел ағалары да «Менің аулам – менің бағым» атты жаңашыл акцияға үн қосты.
– Елу жылдыққа не тарту ететінімізді сыныптастарымызбен ақылдасып, естелік болсын деп ағаш егуді жоспарлаған едік. Орал қаласындағы бағбандармен кеңесіп, алма ағаштарының түрлерін таңдап алдық. Мақсатымыз – ауылымыздың, ауданымыздың көркеюіне өз үлесімізді қосу. Өңірімізде «Менің аулам – менің бағым» акциясы қызу жүріп жатыр. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген бар. Біздің отырғызған жас көшеттеріміз үлкен ағашқа айналып, немере-шөберелеріміз көлеңкесін саялап, жемісін жесе, бізге одан асқан бақыт жоқ», - дейді Бұлдырты орта мектебінің 1971 жылғы түлегі Жұмажан Қожжанов.
Бұлдырты орта мектебінің 30 жылдық түлектері (1974 жылғы азаматтар) да 30 түп ағаш екті, 40 жылдық түлектер (1964 жылы туған азаматтар) де бұл игі үрдістен тыс қалмады.
Айта кетейік, бұлдыртылықтар жас көшеттерді егуде ауданда алдыңғылардың қатарында. Былтырғы көктемде ауыл халқы ағаш отырғызуды бір-біріне эстафета ретінде жолдап, игі үрдісті іске асырған болатын. Мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, көшеттер отырғызуды бірінші болып бастаған да – бұлдыртылық ағайындар.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress