Бүгін Сырым ауданында дамуында ерекшелігі бар балаларға арналған жаңажылдық шара өтті.
Жымпитыдағы «Әли» мейрамханасына келген жас достарын «Balalarga bazarlyq» аниматорлар орталығының көңілді кейіпкерлері қарсы алды.
Жеткіншектер «Еріншектер елінің» кейіпкерлері және Айдаһармен бірге билеп, ән салып, шоу бағдарламаларға қатысты. Сиқырлы мерекеде олар дерттерін бірер сәтке болса да ұмытқандай.
Балаларды Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов жаңа жыл мерекесімен құттықтап, бақытты болашақ тіледі.
Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған шырша тойына дамуында ерекшелігі бар балалармен қатар үйден әлеуметтік қызмет алатын тұрғындар да қатысты.
Қатысушылар отшашуды тамашалап, кейін мерекелік дастарханнан дәм татты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы