26.04.2023, 9:45
Оқылды: 168

Сырымда «Қазақстан барысы» турнирінің аудандық кезеңі өтті

Сырым ауданындағы қазақ күресінен республикалық «Қазақстан барысы» турнирінің аудандық кезеңі өтті.

IMG_9536

А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында жайылған бозкілемге әр ауылдың таңдаулы балуандары белдесті. Әуелі салмағы 90 келіге дейін тартатын жігіттер әл байқасты. Олардың саны – 11. Жеребе жолықтырған қай қарсыласын да қапысын тауып, жер қаптырған өлеңтілік Нұрсұлтан Мырзахметов турнирдің «Өгіз балуаны» атанды. Жосалылық Құсайын Ерболатов пен тағы бір өлеңтілік балуан Әлішер Ғабдолов қалған орындарды бөлісті.

«Қазақстан барысы» - тек титулды турнир ғана емес, рух мектебі, дала думаны. Кілең бойы мен сойы келіскен, жілік майы толысқан, тұлғасы таудай, жауырыны жардай жігіттердің қайсысы «Барыстың» белдігін тағынады? Міне, осы қызық!

IMG_9542

Қызықтың көкесі сол Сырым даласының қос сақасы, белгілі балуандар Нұрымжан Ғаббасов пен Мерей Бердіғали турнирдің финалында кездесті. Сыралғы қарсыластар байқасып та көрді, айқасып та көрді. Бірін-бірі ала алмады. Төреші соңғы сын белдесуді белгіледі. Яғни, екі балуан өзара белбеуден ұстасып, тартысты. Бұл жолы Мерей әбжілдік танытып, жеңіске жетті. Жымпитылық Нұрымжан Ғаббасов ІІ орынға ие болды. Бір кезек ат үстіндегі күрестен ауысып, шамасын шаршы кілемнің ішінде байқап көрген аударыспақтан ҚР спорт шебері Төлеби Қайыржанов ІІІ орын алды.

IMG_9659

Күрессүйер әлеумет үшін жағымды жаңалық, биыл «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің облыстық кезеңі Жымпитыда өтеді. Сырым ауданының намысын өлеңтілік Мерей Бердіғали қорғайды. Жаттықтырушысы – Айбол Оразғалиев. Барыңды сал, барыс Мерей!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Суреттерді түсірген: Жасқанат Есламғалиев

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале