Сырым ауданындағы Қадыр ескерткіші алдында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай қолөнер шебері Нұрболат Қабиевтың "Тәуелсіздік айшықтары" атты көрмесі өтті.
Көрменің ашылу салтанатында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев көрерменді ерекше көрменің ашылуымен құттықтап, шеберге шығармашылық табыс тіледі.
- Мақсатымыз аудан халқына қолөнерші мен шәкірттерінің жұмысын таныстыру, дәріптеу, қазақ халқының қолөнер жұмысын насихаттау болғандықтан тұрғындардың тамашалауына қолжетімді болуы үшін көрмені ашық аспан астында ұйымдастыруды жөн көрдік, - дейді ұйымдастырушылар.
Нұрболат Ұзақбайұлы шараға келген аудан әкімімен қатар, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін шәкірттерімен жасаған туындыларының тарихын жекелей түсіндіріп, тоқталды.
Көздің жауын алатын, құнды композицияларға балалардың қызығушылығы ерекше болғандығын да айта кету керек.
Көрмеге шебердің қолынан шыққан жұмыстардың бір бөлігі ғана шығарылса, ең үздік деген "Ұлы бабалар үні" композициясы Нұр-Сұлтан қаласындағы Тұңғыш Президент мұражайына табысталған. Одан бөлек, автордың бірқатар өнер иелеріне жасаған кәде сыйлары да бар.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы