15.12.2025, 21:00
Оқылды: 4

Сырымда көпбалалы ана «күміс алқамен» наградталды

Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов Сарой ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана, ұстаз Жұмашева Марианна Ергенқызын ҚР Президент Жарлығымен «Күміс алқа» мемлекеттік наградасымен марапаттады. 

Күміс алқа

Марианна Ергенқызы — алты баланы дүниеге әкеліп, оларды өнегелі тәрбиеге баулып отырған ардақты ана. Ол Абай мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарады. Ұстаздық қызметпен қатар, көпбалалы ана ретінде бала тәрбиесіне ерекше жауапкершілікпен қарап келеді.
Ер азаматы Нұржігіт Кенесарин – еңбекқор азамат. Ол Сырым электр торабына қарасты Сарой ауылының көрігінде электромонтер болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыптылар балаларының сапалы білім алып, саналы азамат болып өсуіне бар күш-жігерін салып келеді.
Отбасының тұңғышы Дінмұхамед – Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенті. Кейінгі балалары Алихан, Мансур, Айәділ Абай мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде білім алуда. Кіші ұлы Әміре сол мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленіп жатыр. Кенжесі Аңсағаным ата-анасының қамқорлығында.
Балалардың барлығы тәрбиелі, білімге құштар, түрлі үйірмелерге белсенді қатысады. Үйде де, мектепте де тәртіптері үлгілі, ата-анасына қолғабыс етіп, бір-біріне қамқор болып өсіп келеді. Ұлдары қарындастарына жанашыр, отбасылық құндылықтарды жоғары қоятын азамат болып қалыптасуда.

Шынар Молданиязова
Суреттерді түсірген Айман Өтеғалиева

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале