Сырым ауданында Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жай жиналыстар емес, мақаланың мақсатын шын мәнінде ақтайтын деңгейлі шаралар өтуде.
БҚО мәдениет басқармасы және Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Жымпитыда өткен мәдениет қызметкерлері арасындағы «Жас дарын-2019» облыстық байқауын да салмағы бар шаралардың қатарына жатқызуға болады.
Ұйымдастырушылар қонақтарға арнап қазақ үйін тігіп, оларды ұлттық дәммен қарсылады. Аудан жастары тіккен киіз үйде қонақтарға Сырым ауданындағы жастар саясатының жүзеге асу барысы таныстырылды. Айта кетейік, биыл «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігіне 15 жыл толды.
Байқаудың ресми ашылу салтанатына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов қатысты. Аудан әкімінің орынбасары елдің руханияты мен қоғамдық санасының биік болу жолында мәдениет саласы қызметкерлерінің қыруар еңбегі бар екенін атап өтіп, аудандағы мәдениет саласының бірқатар маманына облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұловтың және Сырым ауданының әкімі Т.Төреғалиевтің алғыс xатын табыс етті.
«Жас дарын-2019» байқауы – ұлттық құндылықтарымызды насиxаттауды, ұмытылып бара жатырған салт-дәстүрді қайта жаңғыртуды басты мақсат тұтты. Оған дәлел, байқау аясында киіз басу, қамшы өру және тары қуыру, талқан түю сияқты қазақ тұрмысындағы шаруашылықтардан жарыс өтті.
Жүн сабап, киіз басқан әпкелерді, тезек жинап, ошақ жағып, тары-талқан қуырған аруларды көргенде қазақы тұрмыс далаға кері оралғандай әсер қалдырды.
Қазақтың ұлтық ойындары да кейін қалған жоқ. Аударыспақ, қазақ күресі, жамбы ату жігіттердің жігітін анықтады. Шара Қадыртану ісіне де үлес қосып, мәдениет қызметкерлерінің арасында Қадыр ақынның өлеңдерін жатқа оқудан да сайыс өткізіп үлгерді. Күн вокал, xалықтық би және театрландырылған көрініс сайыстарымен қорытындыланды. Орал қаласы және Қаратөбе, Бөкейорда, Бөрлі, Тасқала, Қазталов және Сырым аудандарының командалары барлық сайысқа белсенді қатысты.
10 сайыс бойынша мықты қабілет пен биік жетістік көрсеткен Қаратөбе ауданының мәдениет қызметкерлерінен құралған команда «Жас дарын- 2019» облыстық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Командалық есепте жүлделі І орынға Қазталов ауданы, ІІ орынға Орал қалалық жастар мәдениет үйі, ал ІІІ орынға Сырым ауданы ие болды. Қонақтар тек байқауға қатысып қоймай, аудандағы тарихи-мәдени нысандарды аралауға да уақыт тапты.
-Мәдениет қызметкерлері қамшы өруге де, атқа мінуге, ошақ басындағы шаруаларға да епті екен. Солай болуы керек. Ұлттық құндылықты сіңірген маман ертең ұлттың мәдениетінің төл табиғатын сақтай алады,- дейді шара туралы ұйымдастырушы, аудандық демалыс орталығы мекемесінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Серік Тоқмамбетов.
Мархат Ғұмарова,
«Сырым елі» газетінің штаттан тыс тілшісі
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер