Сырым ауданында биыл 436 мәдени, 211 бұқаралық-спорттық шара өткен. Осы шаралардың барлығының бел ортасында мәдениет қызметкерлері жүрді десек артық айтқандық емес.
Кешегі аптада «Marziya Grand HALL» мейрамханасына ақын Бауыржан Ширмединұлы айтқандай «...ауданға мейман келсе дәм мен су алып шығатын, өнер адамы келсе гүл алып шығатын, топты көрсе сұранып шығатын, сахнаны көрсе қуанып шығатын..» мәдениет саласы қызметкерлерінің балы өтті. Шараға Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты.
Жұмагелді Жолдыбайұлы қоғамдық-саяси сананы сауықтыру, рухани ортаны қалыптастыру жолында мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі зор екенін екпін салып атап өтті. Кейін үздіктерді марапаттады.
«Үздік ауылдық мәдениет үйі» болып Аралтөбе ауылдық мәдениет үйі танылса, «Үздік клуб» Қособа ауылдық округіндегі өнер шаңырағына бұйырды. Алғабастық Шынтас Мұстажапов «Үздік мәдениет қызметкері» атанды. Әнші Айгүл Сисеноваға «Үздік өнерпаз» статуэті бұйырды. Сарой ауылдық клубының «Вокал» үйірмесінің жетекшісі Ақтілек Пионеров «Үздік үйірме жетекшісі» болды. «Белсенді қызметкер» – аудандық демалыс орталығы мекемесінің қызметкері, өнер мен спортты серік еткен Армат Жұмагелдиев. Мекеменің маманы Гүлсара Зинуллина «Үздік ұйымдастырушы» атанды. Сахна мен көрермендер залының тазалығына жауап беретін техникалық персонал да марапат төрінен табылды. Бұлан ауылдық клубының қызметкері Алмагүл Ғабдрахманова «Үздік қызметкер» атанды. Елтай ауылдық округінің орталығы Тасқұдықтағы мәдениет үйінің сахнасына шаң қондырмай отырған Әлия Қойбағарова «Үздік әдіскер» ретінде танылды.
Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сарсенов мәдениет саласына қолдаушы болған ұжымдарға марапат тапсырды.
Балдың ерекшелігі – сахна шеберлері көрермен орындығына жайғасып, олар үшін өңірге белгілі әріптестері ән шырқады. Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншілері - Еуропаны даладай дауысымен мойындатқан Айбар Қайырханов, Алтынбек Оразов, аккардеонды сөйлеткен Галина Калашникова, Айдана Орынғалиева мен Гүлфаризат Нұрсейітова өнер көрсетті.
«Демалыс орталығы» МККҚ басшысы Эльдар Әубәкіровты Сырым ауданына жас режиссер болып қызметке келген сәтінен танимыз. Бүгінде ол саланың басшысына, мәдениет қызметкерлерінің шынайы қамқорына айналды. Әр табыс – Эльдар басқаратын ұжымның ортақ жетістігі.
Қазіргі таңда аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеу, оның материалдық-техникалық базасын жаңарту күн тәртібінде тұр. Міне, өнерді, мәдениетті қолдау осы мәселелерді шешуден басталуы керек. Әйтпесе, аудан сахнасының жарығы көше фонарының сәулесінен жарғайып тұрғаны жанға батады.
Белгілі ақын, биыл 75 жасын тойлаған қазақ өлеңінің Хан – апасы – Ханбибі Есенғараева: «Мәдениеті жоқ ел – әскері жоқ патшамен тең! Мәдениеті жоқ елдің қазынасы азайып, қайыршысы көбейеді» - деген еді.
Міне, осы сөз өнер қызметкерлерінің осыншалық мәртебелі миссияны атқарып жүр. Қай сахна да биік. Даладай концерт залдарының сахнасы қандай қадірлі, құтты болса, аядағы ауыл клубтарындағы сахна да сондай құтты, қадірлі. Сыйға бөленіп жүре беріңіздер, сахна иелері!
Бауыржан Шерім
Сырым ауданы