Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов төрағалық етуімен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, облыстық және аудандық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы саласының жетекшілері қатысты.
Кеңесті ашқан Серік Тоқмамбетов жиынның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды.
– Батыс Қазақстан облысы – еліміздің дамыған индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы – тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін экономиканың маңызды саласы. Сондықтан 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, 2026 жылға арналған жоспарларды талқылаудың маңызы зор, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Жиында мал шаруашылығы, көктемгі дала жұмыстары, тұқым мәселесі жан-жақты талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев жерді тиімді пайдалану, жайылым тапшылығы, өсімдік шаруашылығындағы өзекті мәселелер, екпе шөп көлемін арттыру және суармалы алқаптарды дамыту жөнінде нақты деректер келтірді.
Ал Аграрлық несие корпорациясы АҚ өңірлік филиалының директоры Марат Сәрсеев агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа несиелеу тетіктері мен қаржы өнімдері туралы баяндады.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Біралиев соңғы жылдары мал ауруларының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, аудандарда мал қорымдары мен ветеринариялық пункттер салынып, мамандар көлікпен қамтылып, жалақылары артқан.
Сонымен қатар, ол мал дәрігерлеріне қойылатын талаптардың күшейетінін атап өтті. Өңір үшін өзекті мәселенің бірі – бруцеллез ауруы екені де жасырылмады.
Жиында мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Разиева ауыл шаруашылығы саласына қатысты салық заңнамасындағы өзгерістер туралы түсіндірді.

Кездесу барысында шаруашылық жетекшілері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті мамандардан нақты жауап алды. Жиын соңында Қалияр Айтмұхамбетов шаруа қожалықтары өкілдерін жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Мүсірбек Әлібекұлы
Сырым ауданы
Суретті түсірген: Қондыкер Елеуов