Бүгін Сырым ауданында 4 маусым – ҚР Рәміздері күніне орай «Қасиет тұнған қастерлі құндылықтар» атты мерекелік шара өтті.
Мемлекеттік тудың алдында Сырым аудандық полициясының жеке құрамы сап түзеді. Салтанатты Ту көтеру құрметі биыл Сырым лицейін тәмәмдаған жас түлек Талғат Ахоновқа берілді.
Талғат – зияткер оқушы, информатика пәні бойынша ауыл мектептері арасындағы республикалық пән олимпиадасының қола жүлдегері, Астана халықаралық университетінің білім грантының иегері.
Аудан тұрғындарын мәртебелі мейраммен Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев құттықтады.
– Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Гимніміз – халықтың рухын, ұлттық болмысын, салты мен санасын, қаһармандығы мен даналығын бейнелейді. Желбіреген жалауда болашаққа деген үміт жатыр. Өз елінің патриоты болу – әр азаматтың қасиетті борышы. Патриоттық тәрбие елді сүюден, Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Гимн үшін мақтанудан басталады. Қазақ тудағы қырандай қалықтасын, республикамыз қанатты тұлпардай жүйткісін!, - деді Шерғалиев мырза.
Сахнада үлгілі «Жауқазын» би ансамблі және Айгүл Сисенова, Армат Жұмагелдиев, Нұрлыбек Байнияз, Гүлдерайым Опағалиева өнер көрсетті.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы