12.06.2024, 20:30
Оқылды: 204

Сырымда шатырлы лагерь жұмысын бастады

Сырым ауданында мектеп оқушылары үшін шатырлы лагерь жұмысын бастады.

IMG_1824

Табиғаттың тылсымы мен тарихтың тілін түсінуге тырысқан жас туристер биыл шатырларын Аралтөбе ауылының іргесіне тікті. Шідерті бойындағы тоғай екі күн болды жастардың думанына куә болып, гитара үніне тербеліп тұр.

Кеше Сырым аудандық жас туристер станциясы лагерь демалушылары үшін “Қарлығаш” туриадасын бастады.

Шараның салтанатты ашылуына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев қатысты.

- Туған жерін шынайы сүйетін адам ғана турист бола алады. Далалық лагерьдің берері мол! Шатырда түнеп, жұпар ауаны жұтып, жазық даланың бір бөлшегіне айналасың!

Туриада экологияның, табиғаттың қадірін білу үшін керек. Бәріңізге сәтті демалыс, жақсы әсер тілеймін! - деді Артур Шерғалиев өз сөзінде.

IMG_1834

Тоғайды жайлай қонған бивуактар - жас туристердің шаңырағы. Әр аулада қара күйеге боялған қазандарда сорпа қайнап, самауырлар ыңырануда. Тұрбадан ұшқан түтін тудай желбірейді. Далалық дастарханның басында - дулы ұжым, думанды отырыстар!

Қос тіккен туристер қос күннің ішінде команда болып кедергілер жолағынан өту, спорттық бағдарлау, туристік тұрмыс және дағды сындары бойынша жарысады. Жаңалық ретінде - жас мобилографтардың сайысы мен “Атқа міну мәдениеті” дәріс сабағы қосылып отыр.

Сырым аудандық жас туристер станциясының басшысы Бейбіт Батыршиннің айтуынша, шатырлы лагерь екі ауысымға жоспарланған. Жалпы саны Аралтөбе тоғайында 200-ге жуық мектеп оқушысы мейман болады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале