Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов Аралтөбе ауылдық округінде болып, жазғы далалық жұмыспен танысты.
Дала төсі дүрілдеген трактор, дүбірлеген еңбек. Шаруаларды аптап ыстық та тоқтата алмауда. Себебі, мал азығын дайындау науқанының әр күні маңызды. «Жаздың бір күні, қыстың мың күні» демей ме қазақ?
Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитовтың айтуынша, қазіргі уақытта округте 17 шаруашылық шөпке түскен. «Жасыл науқанның» басында 38 дана техника, 49 адам еңбек етіп жатыр.
Өзінің 20 жылын далалық еңбекке арнаған Владимир Жұмағалиев биыл да бар үмітін жер мен маңдай терге артып отыр:
– Шөп шабу науқаны басталды. Орақты әуелі көпжылдық екпешөп алқабына түсірдік. Былтыр 100 гектарға 1 400 бума шөп алдық. Биыл өнімділік деңгейі оған жетпейді. Шөп аласа әрі сирек. Әр гектардан 6-7 бума бусақ соған да разымыз. Межеміз – 3 000! - дейді «Сайнов.А» шаруашылығының жетекшісі.
Айта кетейік, кейінгі уақытта бірқатар аграриялар арасында екпешөп мәдениетіне көшу үрдісі байқалады. Мал азығының өнімділігі мен құнарын арттыру үшін бұл маңызды қадам. Сондықтан, дала шөбінің шығымдылығына тәуелді болмай, өнімді егу мал шаруашылығымен айналысатындар үшін де, азық дайындаушылар үшін де тиімді.
Аралтөбе ауылдық округі бойынша төрт шаруашылық көпжылдық екпешөптің шабындығын игеріп жатыр.
Қайрат Төлепов иесімен бірге «Сайнов.А» қожалығының 130 га жайылған арпа алқабын аралады. Шөп секілді емес, егіннің өсімталдығы жоғары. Дән құйған жасыл масақтарды жел тербеп тұр. Екі аптадан кейін «дән теңізіне» дала кемесі – комбайн түседі.
– Гектарына 10 центнерден кем алмайтын шығармыз деп болжап отырмын. Бұл арпаға қатысты ойым. Арғы жақта 86 га ақ бидай алқабы жатыр. Диқандардың жерден күткен үміті ақталса екен. Жаңбыр айналып соғып тұр, сол көңілге медеу. Әйтпесе, қуаңшылықтан да өттік қой. 7-8 миллионды жерге көмген жылдар болды, - дейді Владимир Сайынұлы.
Аудан әкімінің орынбасары әрі қарай бірқатар шабындықтарда болып, механизаторлармен сұхбаттасып, шаруалардан еңбек қауіпсіздігі мен өрт қатерінің алдын-алу шараларын қатаң сақтауды сұрады.
Механизаторлар көктемеде жер ылғал болғанмен, көктемнің соңындағы суық ауа райы шөпті булықтырып тастағандықтан, шығымның төмен екенін айтуда. Бұл фактор мал азығының бағасына әсер етіп кетпесе екен.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы