Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында ұлт денсаулығы жақсы болса, қоғамның орнықты дамитынын баяндап, медицина саласында қордаланған мәселелерді шешуге аса мән берген еді. Осыған орай денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат жылдан жылға көбейіп келеді.
Сырым ауданында медициналық мекемелерді материалдық-техникалық жағынан барынша жабдықтау, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында ауданға 94 миллион теңге бөлініп, сол бөлінген қаражатқа төрт санитарлық автокөлік алынды.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов төрт автокөліктің екеуін аудандық ауруханаға және Алғабас, Елтай ауылдық округтеріне медицина көлігінің кілтін табыс етті.
- Биылғы 2024 жылымызды игі істермен бастағалы отырмыз. Ауданымыздың денсаулық саласының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында жаңадан жедел жәрдем автокөліктері табыстамақпыз. Ауданда барлығы 18 жедел жәрдем автокөлігі болса, соның 90%-ның тозығы жеткен.
«Соболь» маркалы жедел жәрдем автокөліктері жол талғамайды, іші алғашқы көмек көрсетуге арналған замануи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартады деген сөз. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған жедел жәрдем автокөліктері ауыр халдегі науқастарды аудан орталығына жеткізуге үлкен көмек көрсетеді.
Пайдалануға берілгелі тұрған автокөліктер ел игілігіне қызмет етіп, аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсетіп, ауданымыздың медицина саласы дами берсін. Ауданның медицина саласының қызметкерлерін бүгінгі жаңа жедел жәрдем автокөлігінің табысталуымен құттықтаймын. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! - деді аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz