Бүгін Сырым ауданындағы барлық күштік құрылымдар, ауыр техникалар төтенше жағдайға байланысты сапқа тұрғызылды.
Жымпитыдағы оқу-жаттығу жиынына Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Жалелов және департаменттің Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы азаматтық қорғау майоры Нұралы Мусиев қатысты.
Сырым ауданының қысқы және көктемгі тосын жағдайларға, табиғи апаттарға дайындығы жайлы аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов баяндады.
Төтеншеліктердің айтуынша, қай жағдайда да бірінші маңыз тұрғындардың қауіпсіздігіне берілуі керек. Сондықтан, қазірден бастап халықты эвакуациялау орындарын белгілеу, аудандағы қонақүйлермен келісімшарттар жасасу қажет.
Мамандар Сырым ауданындағы «Сырым» МКК техникаларының жай-күйімен танысып, азаматтық қорғау мамандарымен, өрт сөндірушілермен, полиция қызметкерлерімен және медицина мамандарымен, эпидемиологтармен , ақпарат саласы өкілдерімен сұхбаттасты.
Қалыпты күнде де, төтенше жағдаятта да байланыс тікелей электр желісіне тікелей қатысты. Ал, шұғыл қимылдау үшін байланыс керек. Сырым аудандық электр торабының басшысы Мақат Шамардың айтуынша, аудандағы электр желілерінің тозуы 80 пайызды құрап тұр. Келер жылы 21 км әуе желісін жаңарту жоспарда тұр.
Сонымен бірге, Өлеңті және Аралтөбе ауылдарындағы сымдар, кейбір бағаналар және трансформаторлар жаңасына ауыстырылмақ. Департамент өкілдері Ерлан Жалелов пен Нұралы Мусиев Сырым ауданындағы сапарлары кезінде Өлеңті өзенінің жағасынан салынған су қалқандарының құрылысын көрді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы