Бүгін Сырым ауданында халықтың осал топтарына арнап салынған баспаналар пайдалануға берілді.
Үйлердің иелеріне кілттерді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов табыс етті. Шараға Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева қатысты.
– Адамдардың табысы артқаны, өмір сүру сапасы жақсарғаны – мемлекеттің ең үлкен табысы. Әр жанұя жақсылыққа кенелуге лайықты. Бүгін Сырым ауданында бірқатар жанұя жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алмақ. Тасқыннан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары ол – басы бөлек шаруа, ал бұл тұрғын үйлер – мемлекеттің халыққа деген шынайы қамқорлығының көрінісі! - деді Жұмагелді Батырниязов.
Айта кетейік, халықтың осал топтары үшін республикалық бюджеттен құны 848 млн 585 мың теңге қаражат бөлініп, Сырым ауданында 45 пәтер бой көтерді.
Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаковтың айтуынша, биыл Сырым ауданы үшін – құрылыс жылы болған.
Төтенше жағдайлардың салдарын қалпына келтіру бағытында тұтас көшелер тізілді. Ал, мембағдарлама бойынша Жымпиты ауылдық округінде 15 үй, Бұлдырты ауылдық округі, Көгеріс ауылында – 2 пәтер, Бұлдырты ауылдық округі, Бұлдырты ауылында – 1 пәтер, Аралтөбе ауылдық округі, Қызылағаш ауылында – 2 пәтер, Алғабас ауылдық округі, Алғабас ауылында – 4 пәтер, Сарой ауылдық округі, Шағырлой ауылында – 4 пәтер, Көздіқара ауылында – 4 пәтер, Қособа ауылдық округі, Жырақұдық ауылында – 4 пәтер, Елтай ауылдық округі, Тасқұдық ауылында – 4 пәтер, Талдыбұлақ ауылдық округі, Талдыбұлақ ауылында – 3 пәтер, Бұлан ауылдық округі, Жамбыл ауылында – 2 пәтер салынған. Тұрғын үйлердің жалпы алаңы 80 шаршы метрді, түсінікті тілмен айтқанда 3 бөлмені құрайды.
Бауыржан Ширмединұлы
zhaikpress.kz