8.11.2023, 15:30
Оқылды: 19

Сырымда ұлттық нақыштағы бұйым жасайтын шебер тұрады

Бүгінде жастар арасында заманға сай түрлі сала иесі көп. Соның ішінде алдыңғы аға буыннан қалған ата кәсіпті жаңғырту жолында еңбек етіп жүрген азаматтар саусақпен санарлық.

жп кол (1)

Сондай жанның бірі алғабастық - Елжан Магний. Елжан замандасымыз Алғабас ауылындағы М.Қаналиев мектебін тәмамдап, Бөрлі колледжінде инженер-электрик мамандығында білім алған. Кейіннен Павлодар қаласында Отан алдындағы борышын өтейді.

жп кол (2)

- Кішкентай кезімнен жылқы малына өте жақын болдым. Қамшы өруді бала кезімнен әкемнен үйрендім. Тек өрімшілікпен тоқтап қалмай, сурет салумен және ағаштан бұйымдар жасауға қатты қызығатынмын. Қазақ қол өнеріне 2021-2022 жылдары өрімшілік саласына асқан қызығушылықпен бел шеше кірісіп кеттім. Қолдан сиыр, қой, ешкі терісін шикі өнімді өндіріп одан қайыс жасап қолданысқа ат-әбзелдерін жасауға бет бұрдым. Соның ішінде қайыс терісінен қамшы, жүген, ноқта, шедер секілді қол өнерлік бұйымдар жасап бастадым, -деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

жп кол (3)

Әскерден келе сала, «ата кәсіпті жаңғыртуым керек» деген табанды жігіт Елжанның алғашқыда жасаған бұйымдарымның ішінен ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан қазақ қамшысы өте қатты сұранысқа ие болды. Сол сәттен бастап тек қамшы жасауға құмартқан. Қазіргі таңда 2-3 жылдық тәжірибемен белсене жұмыс атқарып жатыр.

Елжан Ергенұлы «аталған кәсіп арқылы ер азаматтардың рухын көтергім келеді, атам қазақ қамшыны ер азаматтың қаруы және серігі деп атаған» деп жігерлене сөйледі.

Елжанның бүгінгі күнге дейін жасаған 2000-ға жуық қамшысы Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Қырғыстан бойынша бауырлас шет елдерге танылды. Қамшы өретін Елжанды танымал қылған тек қамшылары ғана емес, әлеуметтік желі деуге болады. Ол Tik-Tok, instagram парақшаларын белсенді жүргізіп отыр.

- Мен үшін қамшынын орны бөлек. Қамшылар дойыр қамшы, бәйге қамшы, дүр қамшы, ат қамшы, көкпар қамшы, қару қамшы болып бөлінсе, соның төрт өрімнен бастап 24 өрімге дейін қазақ қамшысын жасаймын. Әр қазақ ұмыт болып бара жатқан қазақ қол өнерін жаңғыртуға ел болып атсалыссақ, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді ата кәсіппен айналысатын азамат.

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале