Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев Алғабас және Шолақаңқаты ауылдық округтерінде болып, жазғы далалық жұмыстармен танысты.
Ең алдымен егін басына аялдаған Саламат Иманғалиев еңбекшілермен сұхбаттасты.
Жерден несіп күткен қауым көктеген дәннің көтерілгенін, жаздың ырыздығымен күздің қамбасы толғанын тілейді. Елде болса ерінге тиеді демей ме, біз де соған тілекшіміз.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл 21 333 гектар алқапқа 38 шаруашылық егін салыпты. Оның 9 874 гектарына бидай, арпа, тары, құмай сынды дәнді дақылдар егілген. Ал 9 376 гектарға күнбағыс, мақсары секілді майлы дақылдардың дәні шашылған.
Екпешөп мәдениеті де дамып келеді. Осы жылы 2 083 га алқапқа екпешөп егілді. 1 893 гектарынан судан шөбі көтеріліп, 190 гектарға еркекшөп көктеуде.
Диқандардың ауылы атанған бұл мекендердің қысқа қамдануы көз қуантады. Даңғайыр кең дала, қайнаған қарбалас, еңбек, ерлік.
– Биылғы егін жылдағыдан өнімді, есіл еңбек өтелеріне кәміл сенім бар, - дейді шаруалар. Қазір бірқатар алқаптарда арпаның мойнына орақ тие бастады.
«Миллат», «Жиенғалиева.А», «Надежда-Умит», «KazMeatIndastry» шаруашылықтарында болған біз темір тұяқ «Көкқасқасын» («Беларусь» тракторын) тақымдаған дала батырларын көрдік.
Неге батыр демеске? Ала таңмен жарысып тұрып күннің қапырық ыстығына, толассыз жауған жаңбырына қарамай, алқаптың аманатын ауылға болдырмай жеткізу тек ауызға ғана оңай, түсінгенге ерлік.
«Сақтансаң сақтайды» демей ме, шаруашылықтар егін алқабын айнала жер жыртып, тілсіз жаудан қорғаса, заман талабына сай электронды бақташымен қоршап малдың да аяғын тыйған.
Дала кезген шырылдауық шегірткелер және оның қоңыз, құрт сынды жора-жолдастары егіннен алар өз үлестерінен дәмелі. Олармен күресуге, улауға күш те, қаражат та едәуір қажет.
Осындай майданға мойымай, кәсібіне махаббатпен мақсат қойған диқандарға сүйсіндік.
Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығының басшысы ауыл тұрғындарымен де жүздесіп, мемлекеттің кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, ауылшаруашылығын дамыту бағытындағы шараларын таныстырып, қатысуға шақырды.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы