Сырым ауданына Қазақ зағиптар қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жас өнерпаздары «Жүректен – жүрекке» атты концертімен келіп, сырымдық сахнаны думанға бөледі.
Алдымен Қазақ зағиптар қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Мұрат Қадырбеков сөз сөйледі.
Кештің шымылдығын республикалық, облыстық байқаулардың лауреаты Айнагүл Батырова «Қазақ осы» әнімен ашты. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі музыка пәнінің оқытушысы Руслан Башаев «Туған жер», «На востоке» әнін әуелетті. Жеміс Оразбек «Анамның ақ жаулығы», «Қосылған ғашықтар», Шапағат Сәкенұлы «Бір шәугім шай», «Тамаша», Гүлжанат Ермекқалиева «Жауап», «Сыр», Айнагүл Батырова «Махаббат жоқ деме» әндерін көкірек көзімен сезіне шырқап, көрермен көңілінен шыға білді.
Шапағат Сәкенұлы мен Асылбек Қуанышқалиев ескірмейтін есті әндерден попурри орындап, залды ностальгияға бөледі. Фариза Хамидолла «Қырғыз биін» мың бұрала билеп, көрермен көзайымына айналды.
«Жүрек сөзі» жыр жинағының авторы, жас ақын Асылбек Қуанышқалиев «Күншуағым» өлеңімен елдің жүрегін елжіретіп, «Аман болайық бәріміз» атты әнімен кештің әдемі нүктесін қойды.
Керемет әсер сыйлаған кеште өнер көрсетіп, жанарынан айырылса да, жүрегі шырақтай жанып тұрған әншілер арасында ерекше дауыс иелері бар.
Олар адамның мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өнердің, дарынның шексіз болатынын көрсетті.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы