3.03.2025, 11:30
Оқылды: 161

Сырымдағы «АLEM» оқу орталығының шәкірттері алғашқы жетістіктерімен қуанта бастады

Кешегі жылдың желтоқсанында ғана жұмысын бастаған Жымпитыдағы «АLEM» оқу орталығының шәкірттері алғашқы жетістіктерімен қуанта бастады.  

IMG_9211

Бір өзі қазақ поэзиясының символына айналған Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттауға арналған «Мақатаев оқулары» республикалық өнер мен білім байқауында «Alemдіктер» алдына қара салмай дара келді. Айгерім Ажиғалива, Мәди Серіков, Мұрат Айсана ақын өлеңдерін көркемдеп оқу сынында бас жүлдеге ие болса, Айбек Бақытбек өлең жазудан, Гүлім Исламғали эссе толғаудан топ жарды.

Сондай - ақ оқу орталығының Жасмина Хамидуллиева, Дарын Хамидуллин, Адэя Таласова, Айзере Орынғали, Абира Амангелдиева, Нұрәділ Серік, Сезім Құрмаш, Аяна Исанова, Сағи Махмұт, Мәди Серіков секілді шәкірттері жүлделілер қатарынан көрінді.

Шәкірттердің жетекшілері - «АLEM» оқу орталығының педагогтары Шаттық Ажиғалиева мен Назгүл Мустафиева.

Көктемнің алғашқы күні орталық өзінің акт залында «ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ - АЛҒЫС СӨЗІМЕН!» атты мерекелік концерт берді. Шараның ашылуына Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайрат Әбсатыров, Сырым аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлдана Шайхиева қатысты.

Меймандар «АLEM-нің» алғашқы жеңісін байлаған «Мақатаев оқуларының» жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Орталық Алғыс айту күні келушілерін қазақы қалыпты көже - бауырсақпен қарсылады. Тегеште сапырылған сары көжеден Наурыздың иісін сезбеу мүмкін емес.

IMG_9201

Концерт өз биігінде өтті. Домбыра үйірмесіне кеше келген оқушылар бүгін бірінші рет сахнаға шығып, «Біз өмірдің гүліміз» шығармасын орындады. Бишілер билеп, жас әншілер жан сарайын жаңғыртып ән салды. Балалардың өнер сыйын, алғаусыз алғысын ата - аналар шын жүрекпен қабылдады.

Айта кетейік, қосымша білім беру мекемесінде 6 педагог еңбек етеді. Тегін үйірмелерге 100 - ге тарта оқушы қатысады.

«АLEM» орталығының мамандарынан құралған команда Жымпитыда өткен «Қазақша QUIZ» интелектуалды ойынында ІІІ орынға ие болды.

Б. Шерім, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале