Сырым ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің құрылғанына 50 жыл толуына орай қазақ күресінен 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында ашық аудандық турнир өтті. Турнирге облыс аудандарынан бөлек, көршілес Атырау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының балғын балуандары қатысты.
Турнирдің салтанатты ашылуында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақтан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, Орал қалалық спорт бөлімінің басшысы, Батыс Қазақстан облысы қазақ күресі федерациясының вице-президенті Артур Шерғалиев қатысты. Меймандар Сырым өңіріндегі балалар спортының қара шаңырағы, чемпиондардың ұстаханасы – жартығасырлық тарихы бар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымына, соның ішінде жаттықтырушылар мен тәрбиеленушілерге табыс тілеп, сый-сияпаттарын тапсырды. Еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сәукелинге мерейлі зейнет жасына шығуына байланысты аудан басшысы Төлеген Төреғалиев құттықтаухат табыстап, иығына шапан жапты.
Сырым ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қазіргі уақытта спорттың 12 түрімен 549 бала шұғылданады. 50 жылдық тарихы бар спорт мектебінен дайындалған спортшылар халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпиондары, Әлем жүлдегерлері, Азия жүлдегерлері мен Азия жеңімпаздары, республика және халықаралық көлемінде өткен спорттық шараларға қатысып, жүлделі орын иеленіп, спорттың биік шыңынан көрініп жүр.
Шәкірттер спорт мектебінің 50 жылдығына орай тамаша тартулар жасаған. Мәселен, 2021 жылдың 23 қараша - 03 желтоқсан күндері Румыния мемлекеті, Бухарест қаласында қол күресінен жасөспірімдер мен жастар және қыздар арасында өткен Әлем чемпионатында Рустамова Гауһар Әлем чемпионы атанды. Жаттықтырушысы – Төлеген Құрашев.
2021 жылдың 05-08 желтоқсан күндері Өскемен қаласында өткен «Жас Барыс» 2006-2007 ж.т. жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнирде 65 кг салмақ бойынша Айбол Оразғалиевтің шәкірті Серік Даулет жеңімпаз атанды.
2021 жылдың 14 - 26 қыркүйек күндері Ақсай қаласында өткен самбо күресінен 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында 46 кг салмақ бойынша Ізімғали Ерәмір ІІ - орынды иеленіп, ауданның атын шығарды. Жаттықтырушысы - Ерген Рамазанов.
2021 жылдың 26 – 30 сәуір күндері Орал қаласында қазақ күресінен 2004 -2005 ж.т. жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында 38 кг салмақ бойынша Айжан Амангелдина ІІІ орынды иеленді. Бапкері - Ержан Чукуров. 2021 жылдың 7-12 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатында Сырым ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Нұржан Исағалиев 86 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Жаттықтырушысы – Руслан Бекжанов. Жаңа чемпиондар да туған мектептерінің тойына қатысты.
Күн бойы өткен жарыс қас қарая аяқталып, 9 салмақ дәрежесі бойынша анықталған жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина