15.05.2024, 17:45
Оқылды: 80

Сырымдағы су тасқыны: даудың басы «Дауымшардың» қорытындысы

 

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов су тасқынынан зардап шеккен үйлердің иелерімен кездесті. Әкімдіктің есігі бұл санаттағы жандар үшін былайғы уақытта да айқара ашық тұр. Мемлекет залал тартқан жұрттың алдындағы міндеттемелерін орындап жатыр. Алайда, дүниесінің есебі келмеген, бабы табылмаған ағайында бар. Кешегі жиынды билік пен халық өзара беттесіп, осы мәселелерді ашық талқылады. Жиналысқа Сырым ауданының прокуроры Нартай Байменов қатысты.

сырым су (2)

 

Ресми картина қандай?

 

Сырым ауданында табиғи апат болды. 28 наурыз күні аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 1735 адам эвакуацияланды. 583 адам қауіпсіз жерде қалды. Келесі күні-ақ суға кеткен үйлер мен нысандардың нақты санын анықтау, материалдық шығынды есептеу үшін комиссия құру туралы аудан әкімінің шешімі шықты.

Аудан әкімінің жанындағы комиссия жағдайға тек көрнекі түрде баға береді. Сараптау мен есептеуді лицензиялы мекемелер жүзеге асырады. Сырым аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысына сәйкес суда қалған үйлерді техникалық зерттеу жұмысын «Дауымшар» ЖШС атқарған. Ал келген залал бойынша бағалаумен «Куатов Ержан Булатович» ЖК айналысқан.

Тұруға жарамсыз үйлердің саны 114-тен көп

 

Бүгінгі күнге су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындар тарапынан 483 арыз түскен 310 арыз – нақты үй-жайлардың мәселесі бойынша. Қазіргі таңда 253 үй техбайқаудан өтті, 114 үй жаңадан салынады деген шешім шықты. 139 үйге күрделі жөндеу тағайындалды. Яғни, техникалық байқау нәтижесінде 114 тұрғын үй жарамсыз деп табылған. Міне, дау осы жерден шығып отыр. Жымпитылық тұрғындардың айтуынша тұруға жарамсыз үйлердің саны 114-тен көп. Алайда әкімдіктің тапсырысы бойынша келген бағалаушылар баспаналардың жай-күйі туралы тиісті қорытынды шығармаған.

сырым су (3)

- «Дауымшар» ЖШС шығарған қорытындыға келіспеймін. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, мекеме мамандарының үйдің құрылысын бағалайтын, еденге, жарға сіңген су деңгейін анықтайтын құрылғылары жоқ. Құр қол келді.

Екіншіден, үйлердің техникалық күйі туралы қорытындылардағы мәтін бірдей. Әр үйдің қабырғасының жарығы, кірген су деңгейі әртүрлі емес пе? Демек, тексерілген нысандар бойынша жеке сараптама, зерттеу жасалмаған.

Үшіншіден, біз «Дауымшардың» қорытындысына дауымыз бар дедік. Әділет іздеп, әкімдіктердің табалдырығын тоздырдық, міне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты арыз беру қалды. Бірақ, бір сұрақ туады. Не үшін ауданда шешілетін шаруаға Президент араласуы тиіс?

Төртінші сұрақ, техникалық зерттеуші мен бағалаушыны әкімдік тағайындады. Ал олардың кәсіби кемшілігі мол қызметтері үшін кім жауап сұрайды? Біздіңше, міндетінде міні көп серіктестікті Сырым ауданы әкімдігі сотқа беруі керек, - деді үйі суда қалған өлеңтілік тұрғын, белгілі ұстаз Мәншүк Бахитова.

Сібір жарасының ошағы «қозғалды» ма?

Тағы бір мәселенің беті қылтиды. Өлеңті ауылы, Ақ дала көшесінің тұрғыны Рысбике Қырықбаеваның айтуынша, қар суы тасқын уағында ауылдың шетінде сібір жарасы ошақтарын шайып, кейін үйлерге кірген.

Әкімдікте бұл туралы мәлімет бар болып шықты:

- Су тасқыны кезінде аудан бойынша Сібір жарасы көміндісінің үш ошағын және үш мал моланы су шайған, – дейді Сырым ауданы әкімдігі.

- Қатерлі ошақтардың үстімен қалқып өткен су үйлерге кіріп жатыр. Оның залал – зиянын кім есептеді? Комиссия құрамында неге эпидемиолог маман жоқ? – дейді ашынған жұрт.

Жиналыста бірқатар тұрғын өздерінің үйлеріне қатысты «Дауымшар» ЖШС шығарған қорытындыға наразы екендіктерін айтты. Бір жағынан «Дауымшар» ЖШС-ның «жөндеу тиімсіз, жаңа құрылыс салуға кеңес береміз!» деген қорытындысын қолына ұстап, алайда жаңа үйдің құрылысына ілікпегендер де бар.

Қабырғалары отырып, үйіне айтарлықтай залал келсе де, жаңа құрылыс ұсынылмай, күрделі жөндеу ғана тағайындалған тағы бір үйдің тұрғыны – Гүлдана Науанқызы. Құжат құшақтап, мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргеніне айға жуық уақыт болған.

Ел елеусіз, жұрт жәрдемсіз қалған жоқ!

Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры дегендей, даудың басы «Дауымшар» десек те, екінші дау бағалау жұмысы жағынан өрбіп отыр.

Шығын-залалдарды бағалаған «Куатов Ержан Булатович» ЖК актісімен де үй иелері келіспейді. Ешкім үйін сәндеп, сәулетті етуді ойлап жатқан жоқ. Баспаналарға қарғын су кірді. Еденге, қабырғаға сіңді. Күрделі жөндеу сыз бен дымқылдан құтқара ма? Қисайған қабырғаны, сөгілген іргетасты түзей ме? Тағайындалған қаражат аздық етеді, себебі құрылыс материалдары қымбат ? Міне, халық осыны айтқысы келеді.

сырым су (4)

Халық қойған сауалдарға Сырым ауданы әкімінің орынбасары, жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу бойынша комиссияның төрағасы Қайрат Төлепов, Сырым аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұханов жауап берді.

Халықтық пікірлерге қарап, ел елеусіз, жұрт жәрдемсіз қалды деп айтуға тағы болмайды.

Жергілікті бюджеттен 283 жанұяға 1310 адамға 104,4 миллион теңгенің көмегі көрсетілген. 432 отбасындағы 2023 адамға 6,8 миллионның гуманитарлық көмегі таратылды.

- Қазіргі таңда Сырым ауданында 114 үй салынатын болды. Құрылысты «Қазақстан халқына!» қоғамдық қоры қаржыландырады. Бұл жөнінде қор әкімшілігі мен БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің арасында меморандум жасалды. Жұмысты 8 мердігер компания атқарады, – деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Қызу талқыда өткен жиында халық барлық сауалына жауап тапты деп айта алмаймыз. Әрине, әр сұрақтың артында – бір жанұяның тағдыры тұр.

сырым су (1)

- Ең бірінші кезекте – халықтың құқы мен мүддесін үшін жұмыстануға тиіспіз. Егер, Жымпиты ауылы тұрғындарының Сырым ауданы әкімдігі тағайындаған техникалық зерттеуден өткізуші мен бағалаушы мекемелерге наразылықтары болса, мамандар жұртпен жүздесіп, елдің арызын тыңдауы тиіс деп санаймын. Сол әділетті болады, – деді аудан прокуроры Нартай Байменов.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале