«Сырым елі» газетінің Айша Асылбекқызына көмек көрсетуге елді шақырған бастамасы қызу қолдау табуда. Айшаның жағдайын көрсетіп, еміне, Мәскеу қаласында жасалатын отасына халықтан көмек сұрау жайында мақала жазуды алғаш болып өтінген Айшаның жанашырларының бірі, Сырым аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жанна Қыдырсихова болатын.
Журналистердің үндеуіне журналистер үн қосуда. «Орал өңірі» газетінің тілшісі, фейсбук әлеуметтік парақшасындағы «Оралдан не хабар?» тобының әкімшісі Нұртай Текебаев пост жариялап, облыс, республикадан қолдау тауып, халық асар жасап, Айшаға қаражат аударуда.
Сырым елінің тумасы, «Ел және мұғалім» газетінің бас редакторы Жанбол Галиев те Айшаға көмек қолын созуды ұйғарды. Ол анасының Каспий Голд есепшотына өзі бастап 20 мың теңге салып, облыс педагогтарын Айшаға жәрдемдесуге жұмылдыруда. Жанбол Серікұлы Айшаның анасы Сымбат Жұмабаеваға қаржылай ғана емес, басқа да көмек көрсететінін айтты.
Ауданның көрікті жерлерімен жасалған күнтізбе сатып, оның қаржысын Айшаның анасының шотына аударған Сырым аудандық мәдеии-демалыс орталығының жастар бөліміне, Есбол Ниетқалиевке Сымбат ханым үлкен алғысын білдіреді. Күнтізбеден 50 мыңдай қаржы түсті.
Ауданымыздан шыққан атымтай жомарт азамат Тілек Махметов әр аптаның жұма күнінде үзбей Айшаның дәрі-дәрмегіне, бинт, басқа да қажеттіліктері үшін ақша аударып келеді. Айшаның үлкен күтіммен отырғанын, анасының оны аппақ қылып бағып отырғанын бұрын да айтқан едік.
Ауданның жастары да Айшаның тағдыры үшін алаңдаулы. Нұр-Сұлтан қаласында оқитын студент, қособалық Айкөркем Серікбай да қаражат жинап, 100 мың теңгенің үстінде қаржы аударып жіберіпті. Аружан Байтасова да үйге арнайы келіп, ақша әкеліп берді.
Осындай жанашырлардың көмегімен бүгінде Сымбат Жұмабаеваның есепшотына 1 млн 600 теңге жиналды.
Тағы да бір үлкен істі қолға алуға бекінген «Сырым елі» газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлына Сымбат Жұмабаева дән риза. Айта кетейік, Айшаның ата-анасы тұрып жатқан үй де өздерінің басыбайлы баспанасы емес. Олар Ершат Бақтыбаевтың пәтерінде тегін тұрып жатыр. Республикалық «Қарекет» қайырымдылық қорының облыстағы өкілі Демежан Меңдешов келіп, Айшаның хәлін біліп, тұрып жатқан пәтерінің жағдайын көріп кетті.
Барша қолұшын созып жатқан жандарға Сымбат ханым шексіз алғысын білдіріп, жақсылықтары өздеріне мың еселеніп қайтсын деген тілегін жеткізді. Айшаға көмек қолын созам деушілерге Сымбат Жұмабаевның Каспий голд нөмірі:5169497162747962 және 87771810963
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz