28.12.2020, 9:05
Оқылды: 47

Сырымдық Айшаның тағдыры алаңдатады

Үш жасар Айша үш тілде сөйлейді. Дәрігер боп ойнайды. «Мен Жаналаевпын» деп, қуыршақтарының «ішектерін шығарып, кесіп, тігіп» ота жасайды. Ойыншықтарының бәрі дәрігердің құралдары. «Өскенде, дәрігер боламын, балаларды емдеймін», - дейді балдай тілі былдырлап. Ойнағанда, намаз оқып ойнайтын Айшаға анасы Сымбат сүрелерді жаттатып жүр.

ай

Бұл қылығына бір көрген адам сүйсініп, езу тартуы мүмкін. Ал, Айшаның жағдайына қанық адамның бұл көрініске жүрегі ауырады. Көзін ашқаннан көріп келетіні – ота, дәрігерлер. Небәрі 3 жастағы бүлдіршін бүгінге дейін жеңілдерін айтпағанда, тоғыз күрделі отадан өтті. Оның диагнозы – гиршпрунг ауруы. Тоқ ішегі жұмыс жасамайды. Үлкен дәреті өздігінен шықпайды. Ота жасалған кезде, оның ішін тесіп, тоқ ішегін сыртына шығарып қойған. Үлкен дәреті сол сыртына шығып тұрған ішекпен келеді.

Айша Есмагулова 2017 жылы 17 маусымда іңгәлап дүниеге келді. Өмірге келгеннен кейін үлкен дәреті жасыл түсті болып шығып, құсты. Екінші күні рентгенге түсірген соң, гиршпрунг деп диагноз қойылды. Тоғыз айға дейін үлкен дәреті клизма арқылы шығарылып келді. Кінәраты бар тоқ ішегі одан сайын зақымдала берді. Қазір Айшаның ішкен-жегені тоқтамай шыға береді, дәреттің шығып жатқанын Айша өзі сезінбейді. Айшаға айына 130-150 мың бинтке ақша кетеді. Тоғыз ауыр отадан өтіп, тоғыз рет наркозда жатқан, миллиондаған антибиотик алған сәбиге есте сақтау қабілеті, миының жұмысын ретке келтіру үшін де «Доромарин», «Нанобальзам», «Кордицепс», кальций, омега 3 секілді түрлі дәрумендерді, биологиялық қоспаларды да қабылдап тұруы керек. Бұларды ішпесе, әлсіреп қалады. Сыртқа шығып тұрған ішектің айналасы, терісі бүлінбеу үшін «Бепантен» жақпамайы, айналасына таңылатын дәке де ай сайын қорап-қорабымен кетеді. Дәрет құйылып тұратын бір реттік қолданылатын целлофанның күніне 30-40-ы пайдаланылады. Ол да қаптамасымен сатып алынады. Үкіметтен Айшаға берілетін жәрдемақы оның бәрін сатып алуға жетпейді.

Анаға баланың сырқатынан ауыр ештеңе жоқ. Баламыз бір-екі күн қызулап қалса, жанымыз шығып кете жаздайды, бала үшін шыр-пыр боламыз. Ал, ауыр диагноз қойылған, 16 жасқа толғанша, мүгедектік алған Айшаның анасының не жаны бар екен? Алғашқы отасынан кейін Айшаның ішінен үш жерден тесіп, ішек шығарып қойғанын көргенде, анасы Сымбат есінен танып, құлапты. Баламен күн сайын арпалысу, оның ішінен жарып шығып тұрған үлкен дәретін әлсін-әлсін тамақ ішкен сайын тазалып, 5-7 минут сайын дәкесін ауыстырып, ішекке қызыл май құйып, айналасын тазалап тұру да  – Айша мен Сымбат әпке үшін бір қиямет. Құйрығының тесігінде сегіз тігіс және  орналастырылған сақиналар бар, сол сақиналарды  бітеліп қалмау үшін саусақпен, темір құралымен екі күн сайын шұқып отыру керек. Осындай ем-шаралары анаға да, балаға да ауыр.

Айшасының саулығын, аман қалуын, адам болуын ойлап, анасы Сымбат Жұмабаеваның басы тауға да, тасқа соғылуда. Ананың бар  үміті – Мәскеу қаласында.

– Мәскеудегі «Морозовское ДГКБ-ның» дәрігері Юрий Михайлович Козлов Айшаны тексеруден өтуге шақырып отыр. Бір апта толық тексерістен өткізуге 3 млн теңге қажет. Оның үстінде барып-келу жол шығыны, жатар орны, ас-суы бар. Тоқ ішекті алып тастау керек пе, әлде қалдыра ма, соны Мәскеуден жапондық аппаратқа түсіріп, анықтатып келсек деп едік. Ал, отаны да Мәскеуден жасататын болсақ, онда Айшаның отасына 6 млн теңге қаражат қажет. Мәскеуден ота жасатып келуге қаражат табу қиын, тым болмаса, тексерістен өтіп, отаны қалай жасау керектігін біліп, бір жапырақ қағазын алып келсек, отаны Ақтөбеден жасатар едік. Алайда, Ақтөбе қаласынан гөрі Мәскеудің медицинасының мүмкіндігі молырақ екені белгілі. Дәл осы ота Израильде 30 млн теңгеге жасалады екен. Сәбиім үшін әр күнім арпалыспен өтуде. Маған қызымның денсаулығынан артық ештеңе де қажет емес. Тек қызым басқа балалардың қатарына қосылса екен, - дейді Сымбат Жұмабаева.

Мәскеу туралы әңгіме қозғалғаннан кейін Айша ол қаланы бір ғажайыптай аңсайды екен. «Мен Мәскеуге барам, ішегімді күшті етіп емдеп, орнына салып береді, мен Мәскеуден ауыртпайтын шприц алып келем», -дейді. Айша анасынан: «Мама, менің неге ішегім шығып тұр, басқаларда ондай жоқ?», - деп сұрайды екен. Ондай кезде анасының жүрегі қарс айырыла жаздайды. «Себебі, сен ерекше қызсың!» деп жауап береді. Өзінің жақпамайын, бинтін, дәрумендерін түгендеп, қарап жүреді. Біреуі бітіп бара жатса, сәбидің көңілі түсіп кетеді. Орысшаға судай періште «Я хочу жить!» деп айтып жүреді екен.

Айшаға көмек ретінде Мұхамбет Ибрагимұлы айына, Тілек Махметов әр жұмада 5-10 мыңнан салып тұрады екен. Айшаға планшет алып беріп жіберген жанашыр азаматтар да бар екен. Гүлнара Жанғожиева, Гүлшарат Жұмағұлова сынды әйел-аналарға Сымбат әпкенің алғысы зор.

2019 жылы Айша Асылбекқызына арналып, қайырымдылық концерт те өтті. Ол кезде Айшаның сегізінші отадан шығып жатқан кезі. Концерттен жиналған 300 мың теңгеге Ресейдің Самара қаласынан отадан кейінгі оңалту үшін қажет система, дәрі-дәрмек алынды.

Айша Асылбекқызына ота жасаған дәрігер Болат Жаналаевтың 70 жасына 40 жыл бұрын алғаш рет гиршпрунг диагнозымен ота жасаған қызы  үш баласымен келіпті. Айшаның анасы да қызының осындай күнге жетуін армандайды.

«Бір ел – бір тағдыр» деп ұрандаттық қой. Бір ел болып, бір аудан болып, бір қызымыздың тағдырын жеңілдетуге жұмылайық. Айшаның анасы Сымбат «3 млн теңге жиналып, Мәскеуге тексеруге барып келсек екен, 6 млн теңге тұратын Козловтың жасайтын отасына қаржы қайда, ол арман ғой», - дейді. Ауданның атымтай жомарттары қолдаса, халық болып  біріксек, 6 млн теңге қаражатты жинауға болады. Кішкентай періште сәбиге әрқайсымыз қолұшын созып, қаржылай көмектесейік! Бір сәбидің саулығына ел болып үлес қосайық, ағайын!

Айша Есмагулованың анасы Сымбат Жұмабаеваның Каспий Голд нөмірі: 5169497162747962.

 

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале