Сырым ауданының Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл елдімекенінің тұрғыны, он бір құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері Зылиха Қалешова мерейлі 90 жасқа толды.
Зылиха Кәрімқызы кезіндегі Ащысай ауылдық кеңесіне қарасты Тасоба елдімекенінде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан Зылиха әже дала алқабында ерлермен бірге еңбектің ерен үлгісін көрсетті.
Отағасымен он бір ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеген Зылиха Кәрімқызын жерлестері «алтын құрсақты» ана ретінде қадірлейді.
Тоқсанның төріне шығып отырған Зылиха әженің саулығы тың, көзінің көруі мен есту қабілеті өте жақсы.
Ардақты әже бүгінде ұрпақтарынан 19 немере, 16 жиен, 18 шөбере, 44 жиеншар қызығына кенелуде.
Алтын құрсақты ананың шаңырағында болған ауылдық округтің әкімі Мұрат Әділгереев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев жылы тілектерін арнап, иығына шарқат пен қамзол жауып, құттықтау хат табыс етті.
Кенже ұлы Мереке мен келіні Динараның аялы алақан, жылы сөзінен қуат алып отырған әже арнайы келіп, мерейлі жасымен құттықтаған ел азаматтарына аналық ақ батасын берді.
Айжан Бауыржанқызы
Сырым ауданы