Алматы қаласында өткен Халықаралық көп жанрлы «Creative Awards» байқауында үлгілі «Аружан» би ансамблінің 12-15 жасар үлкен тобы қазақ ұлттық биімен бас жүлдені жеңіп алды. Ал заманауи биімен 1 орынды қанжығаға байлады.
Ұлттық биімізді танытып, әлемді бағындырған «Аружан» би ансамблінің жетекшісі – Айнагүл Сарғозиева.
Би ұжымының 10-11 жастағы кіші тобы да бұған дейін маусым айының 2-сінде Астана қаласында өткен Халықаралық көп жанрлы «Gulnar Fest» байқауында қазақ ұлттық биін билеп, бас жүлдені, эстрадалық бимен 2 орынды иеленді. 10-12 жас аралығындағы балаусалардан құралған 16 ансамбль ішінде сырымдық бишілер топ жарды.
Аталған байқауға Айнагүл Отарбайқызы 22 бишіні, ата-аналарды өзі бастап барды. Жолда балалармен жүру оңай емес, бұл ретте жетекшіге ата-аналар үлкен демеу бола білді. Алматы және Астана қалаларында өткен қос байқауға да ата-аналар 100% демеушілік көрсетті.
Талай белестерді бағындырып келетін «Аружан» би ансамблі 2000 жылы құрылды.
2007 жылы «Үлгілі» ансамбль атағын алды. Бүгінде ансамбль құрамында 3 топ, 65 биші бар.
– Би билеу балалардың күш-қуатын, төзімділігін, икемділігін арттырып, қимыл-қозғалысын үйлестіруге, қиындықтарды жеңе білуге, ерік-жігерін шыңдап, денсаулығын нығайтуға үйретеді. Биші, хореограф тек сахнаға сәнді киініп, өнер көрсетіп қана қоймайды. Көркемдік талғамы жоғары, қай нәрседен болсын сұлулық көре біледі. Өз елінің рухани, мәдени мұрасына құрметпен қарайтын шығармашылық адамына айналады. Адаммен қарым-қатынас дағдысына, аналитикалық дағдыға қалыптасады, - дейді Айнагүл Сарғозиева.
Осы орайда хореограф туралы да айта кетейік, А.Сарғозиева 1992 жылы Орал қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің хореография бөлімін бітірді. Бүгінде еңбек өтілі – 31 жыл. Кішкентай кезінен би өнерін жақсы көрді. Аудандық әжелер алқасын басқарған анасы Гүлзағира Сарғозиева билерді өзінше үйретіп, ауылдағы концерттерге шығарып жүрді. Айнагүл ханым өсе келе, 6 сыныпта би үйірмесіне қатысты.
Ұстазының жолын қуған шәкірті Ақторғын Муса БҚМУ-дың хореография факультетін бітірді. Арайлым Муханова, Замира Траисова, Ақбота Сатанова, Әдемі Қабешова, Гүлназым Мақсотова, Сәулет Жакупова, Раушан Болатбекова сынды шәкірттері жоғарғы оқу орындарын бітіріп, білікті маман иесі болып, еңбек етуде. Айнагүл Отарбайқызының алдын көріп, тәлімін алған жастар ішінде жеке хореография студиясын ашып, балаларға би үйретіп жүргендер де бар.
Келер 2025 жылы «Аружан» би ансамбліне 25 жыл толады. Хореограф Айнагүл Сарғозиева би ұжымының ширек ғасырлық тойына дайындық үстінде.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы