9.07.2024, 12:00
Оқылды: 219

Сырымдық Ахметкерей Үсенов су шаруашылығы саласында көп жылдан бері еңбек етеді

Бүгін – Су шаруашылығы қызметкелері күні

IMG_8760

Су шаруашылығының құрылысын салу, жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмысының маманы қала мен ауылдық елді мекендерге бірдей қажет. Су – тіршілік нәрі болғандықтан, оны үздіксіз халыққа беріп тұратын мамандардың да еңбекте уақытпен санауға мұршасы жоқ. Техника дамыған сайын су мамандары өркендеу үстінде.

Шыны керек, Жымпитының суындай су жоқ. Қалаға барсаң, краннан аққан судың хлор дәмі бар. Осындай сапалы суды бізге жеткізетін жұмысшылардың еңбегі ерен.

Ахметкерей Үсенов  әскерге барып келіп, автомектепті бітіргеннен кейін, 1986 жылы коммуналдық  шаруашылық мекемесіне жұмысқа қабылданды.  Осы мекемеде табан аудармастан, 38 жылдан бері еңбек етіп келетін Ахметкерей ағаны ел «Ақан аға» деп таниды. Алғашқы еңбек жолы көлік жүргізуші ретінде басталды. 1986 жылдан 2002 жылға дейін рульдің тізгінін ұстап келді. 2002-2007 жылдары слесарь болып, су бағандарын жөндеді.  2007-2018 жылдары «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының шебері болды. Ауыл-ауылды аралап, судың келуін тексерді. Судың насосын, тұрбасын ауыстырып, жөндеді.

Бүгінде ол «Сырым» мемлекеттік коммуналдық шаруашылық мекемесінде 2-ші су көтеру стансанында су жіберуші-оператор болып жұмыс жасайды. Алғашында қиындығы болған жұмысына сушы тез үйреніп кетті. Қазір әккі су маманына айналды. Жердің астындағы, бетіндегі су  мәселелерін шемішкеше шағады. Бәрін алдын ала біліп, болжап отырады.  Ауылға су осы Ахметкерей Үсеновтың қолымен жіберіледі. Тәулік  бойы ауысымда тұрып,  24 сағат бойы жұмыс жасайды. 20 сағат бойы – таңғы сағат 6-дан түнгі сағат 2-ге дейін Жымпиты, Өлеңті ауылдарын сумен қамтамасыз етеді. Автоматты қосып, айырады, кранды ашып-жабады. Судың қысымын қарайды. Бұйырса, төрт жылдан кейін сүйiкті жұмысынан зейнетке шығуды қалайды.

Ахметкерей аға жұмыс жасайтын екінші су көтеру стансасында 500 тонналық суы бар екі резервуар тұр. Бірінші су көтеру стансасынан келген суды қадағалап,  ауылға бір тәулікте келетін 1 000 тонна суды толтырып, халыққа жіберіп отырады.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы уақытылы судың сапасын тексеріп отырады.   Жылына екі рет су зарарсыздандырылады. Хлорланған су әбден тазарғанша, далаға жіберіп, ішуге жарамды болғаннан кейін ауылға айдайды.

– Тіршілік нәрі Кеңащыдан келгесін, биыл тапшылық жоқ. Су қоры мол, жеткілікті. Сапасы  да жақсы, таза. Жаңбыр жауған күні суды тұтыну азаяды. Ол кезде бау-бақшаға кететін су үнемделеді. Күннің ыстығына орай биыл судың пайдаланылуыда молырақ болып тұр. Жұмысымды жақсы көремін. Мотор істен шықса, өзім жөндегім келеді. Оның өзі бір қызықты іс.  Су болмай қалған кездері «халыққа су бармай қалды-ау» деп уайымдаймын. Ондай кездері телефонға да тыным болмайды. Тіршілік көзі болғандықтан, сусыз шынында халықтың күні жоқ екенін ұғынасың. Сондықтан су бітерде алдын ала айтып, жеткізіп отырамын. Кейде жарық өшіп қалады. Кеңащыдан сағаттап жететін суға қиындық туатын кездер де болады. Судың қысымын 2,5 паскальдан түсірмейміз. Әйтпесе, қысымы төмендеп кетеді де, ауылдың шеткі нүктелеріне жетпей қалады, - дейді Ахметкерей Күржікұлы.

Ахметкерей Үсеновтың Жымпиты суының моторы, жүрегі десе де болады.

Айта кетейік, Ахметкерей ағаның жары Бақытжамал апа да су шаруашылығы саласында 2003 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бір үйде екі бірдей су маманы бар. Ерлі-зайыптылар Айнагүл, Асылжан есімді қыз өсіріп, оқытты, ұзатты. Бүгінде қыздары – мұғалім.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале