Оның сауыты – ақ халаты. Алдаспаны – жүзі лыпып тұрған скальпель. Оның майдан алаңы – ота үстелі. Өмірінің 35 жылын денсаулық сақтау ісіне, соның ішінде хирургия саласына арналған сырымдық дәрігер Асхат Дүйсенғалиев туралы толғансақ көзімізге осындай сурет келеді.
Асхат тек Дүйсенғалиевтер жанұясынан емес, жалпы Қособа өңірінен шыққан алғашқы жоғары білімді дәрігер, тұңғыш хирург. Әкесі Ғабделғазиз кеңшарда еңбек етті, ал анасы Сәуия сол кездегі А.С. Пушкин атындағы пединститутты тамамдаған педагог – тұғын. Көп жыл бойы балабақша меңгерушісі болды. Алдына келген баланың маңдайынан сипамай жібермейтін жібекжүрек Сәуияны Алла жарылқап үйін де сәбиге толтырды. Жары Ғабделғазиз екеуі 9 перзент сүйген. Асхат – ортаншысы.
Ысқырық
Асхаттың өмірін ұлы арнаға бұрған екі оқиғаға тоқталмай кетуге әсте болмайды.
Біріншісі – Серікбай Жүкиевтің ысқырығы. Иә иә, даңқты балуан Оралбек Қожагелдиннің ұстазы, бапкер Серікбай!
Серікбай Жүкиевтің мектептің спорт залын кернеген ысқырығы талай баланың кеудесіндегі рухты оятты, көздеріндегі отты жақты. Ішінде Асхат та бар. Жүкиевтің еркін күрес үйірмесі оған қызуқандылықты емес, сабырлықты, ашумен емес, ақылмен қимылдауды, қарсыласпен емес, өзіңмен күресуді үйретті. Осы қасиеттер Асхатқа өмір жолында да қадеге жарады.
Ортаншы бала ауыл мектебінен 8 сыныпты аяқтап, Орал қаласындағы қазіргі С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 мектеп – интернатқа келді. Пансионға кірісімен, күрес залының есігін ашты. Серікбайдың «шапанынан» шыққан баланы белгілі жаттықтырушы Ерген Орынбасаров құшақ жая қарсы алды.
Кейін Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа оқуға түсті. Ақ халат киді. Бірақ, спортты тастаған жоқ. Асхат ол кезде бала емес, мұрты тебіндеген, жүрегі тебінген жігіт еді. Бойы жазылып, жауырыны жалпайып, денесі сымдай тартылды. Әуестігі кәсібилікке ауысты.
Бесінші курс оқып жүрген кезі. КСРО бойынша медицина студенттерінің арасында спартакиада өтетін болды. Бүкілодақтық турнирдің бозкілемі Омбы қаласының төрінде жайылды. Асхат ең үмітті балуан ретінде жарысқа аттанды. Күресі «жүріп», қола жүлдені мойынына тақты. Сол спартакиададан Асхат Дүйсенғалиев еркін күрестен спорт шеберіне үміткер атанып қайтты.
Бесінші курс аяқталғаннан кейін, студенттер медицинаның нақты саласын таңдап, білімдерін өз мамандықтары бойынша шыңдайды. Асхат спорт сөмкесін асынып алып, жарыстан жарыс қуып жүретін кезең біткенін, өзін басыбайлы ақ арманның жолына арнау керек екенін түсінді. Хирург боламын деп шешім қабылдады. Сөйтті де, күресін қойып, адам өмірі үшін күресуді таңдады.
Асхаттың жүрегіндегі «жан үшін арпалысатын жауынгерді» оятқан кім? Ол неге медицинаны таңдады.
03:00
Ақтөбеге медицина институтынан Асхаттың тапқан олжасы - профессор Нағашыбай Ақатаев дәрісі еді. Студент Дүйсенғалиев - Ақатаевтың ғылыми үйірмесінің мүшесі.
Ал Асхаттың дербес хирург ретіндегі алғашқы жұмыс күні түнгі 03:00 шамасында басталғанын білесіз бе?
«Так, Асхат, сен барасың! Жинал, түсқайта санавиациямен аттанасың!» Мен «Иә!» - дей алмадым. Жолдың шалғайлығын ойлаған да жоқпын. Баптанып, жай таңдағаннан емес, білім – білігімнің аз болғанынан жүрексіндім. Адамның амандығын мойыныма ала алам ба? Менен хирург шыға ма? Дертпен күресте кім жеңеді? Сырқат әлде хирург?
Міне, Жәнібек ауруханасының ішінде жүрмін. Жұмысым да, үйім де осы жер. Бір бөлмені басыбайлы өзіме берді. Жұмыс күнінің аяғы. Дәліздің о басынан бұ басына, кейін кері қарай жүре беремін. Қасымда ақылдасатын профоссорларым да, кеңесетін әріптестерім де жоқ. Шалғай ауданда жер дүниедегі бүкіл дерт, ауру атаулымен жалғыз өзім бетпе – бет қалғандай, ауыр күй кештім. Түсіндім. Мен жалғыз емес екенмін. Сенімім мен білім – тәжірибем қанат сынды ашылатын жер осы Жәнібек шығар. Сол күні түнгі сағат 03: 00 шамасында «Жедел жәрдемге» шақыру түсті. Тойдан шыққан көлік апатқа ұшыраған, жарақат алғандар көп. 3 адам зембілмен жеткізілген. Біреуі аяғымен келіпті. Төртеуіне де менің кәсіби көмегім керек.
Сөйтіп, Хирург Асхат Дүйсенғалиевтің жұмысы басталды! Нағашыбай Ақатаевтің сөзі жанымның ішінен жаңғырды:
«Салқынқандылық пен сабырлық – хирургтің досы. Абдырасаң, көп қателік жібересің!
Алдымда ыңырсып жатқан науқастар. Жанымда олардың жанұшырған жақындары. Менің қадамымды күтіп тұрған ұжым. Әскери – далалық хирургияда өткен сабағымызда «сорттауды» үйренгенбіз. Жарақаттарының ауырлығына қарай жіктеп, хәлі ең күрделі науқастан бастап жәрдем көрсетуді бастадық. Қалған жаралылар бақылауға алынды. Үш сағаттың ішінде оталарды атқарып, жыртылған жерлерді тігіп, науқастарға кешенді жәрдем көрсетуді аяқтадық.
Сол күні таңда Жәнібек ауруханасына тағы бір хәлі ауыр науқас түсті. Соқырішек. Анестезиолог жоқ, наркоз аппараты да жоқ. Амалдап, новокайн салып, қарын қуысын аштық. Ота сәтті аяқталды. – дейді хирург алғашқы еңбек жолын еске алып. Бәрі де күні кешегідей есте. Сананың лентасы сызылмаған, бүлінбеген.
Тәуекелге барамыз!
«Ер туған жеріне» - дегендей, Асхат Дүйсенғалиев Жымпитысына келді. Ақ арманмен аттанған жігіт ақ халат киіп оралды ауылына. Алдында Ғаділше Махметов салған даңғыл жол оны кәсібиліктің шыңына шақырды. Бала күнінде есімін елден еститітін әйгілі Махметовке әріптес болды жас дәрігер.
Сөзге жоқ адам еді. Ұстаз тұттық, көп нәрсені сіңірдік. – дейді жақсы адам туралы.
Иә, қоғам Ғаділше Махметовтың қайраткерлігіне лайықты баға бермегенін мойындау керек. Тек, кейінгі жылы аудандық аурухананың қабырғасына қола бояумен салынған бейнесі бар тақта ілінді. Оған мұрындық болған шәкірті – Асхат Дүйсенғалиев.
Асекең Ғаділше Махметовпен болған мына бір уақиға жайлы айтты:
Хирург Махметов:
Дәрігер – хирург Асхат Дүйсенғалиев кейін де талай тәуекелге барды. Хирургтің өмірі тәуекелдерден тұра ма деп біз ойланып қалдық.
«Ұлы көш»
Асхат Дүйсенғалиев 1996 жылы аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары болды. Бас тартқысы келген, өйткені аспирантураға жолдаманы қолға ұстап тұрған. Бірақ, елге қызмет ету үшін өзінің жоспарын құрбан етті. 1999 жылы емханаға директор болып тағайындалды.
Асхат Ғабделғазизұлының директор ретіндегі бірінші шаруасы – маман тапшылығын жою болды. 2000 жылдардың басында Ақтөбедегі медициналық университеттен, Оралдағы медициналық колледжден туған далаға қайтқан ақ қаздай Жымпитыға ағылып – төгіліп ақ халаттылар келіп жатты. Ол «ұлы көштің» ішінде кім жоқ? Серік Қаракенов, Бауыржан Хамидуллин, Жұмабек Шайхиев, Гүлмайра Қаржауова, Назгүл Жұбанышева. Ізбасары Алмат Оразов - бүгін облыстың алдыңғы қатарлы хирургі. Ал, Назгүл Несіпқалиева, Мәлік Өтеғұлов, Айгүл Қабденова, Бекежан Қаласұлы, Айда Серікбаева, Тимур Еспентаев, Нұрсұлтан Исхожин, Айкөркем Ержанова, Жансая Хасанова, Меруерт Аманова, Қасым Бисенғалиевтер – елдің сүйікті дәрігерлеріне айналмады ма? Сабыр Меңдешов – қазір Сырым ауданының орталық ауруханының директоры. Бәрін Жымпитымен таныстырған – Асхат мырза!
Жымпитыға құны 87 млн теңге тұратын жылжымалы – медициналық кешеннің, автомаммограф, реономобиль көліктерінің келуі, УЗИ, ФГДС, рентген аппараттары, маммограф, энцефалограф, реограф, спирограф, электрокардиограф, велоэргометр, холтер, зертханалық анализаторлар секілді жабдықтардың игілігін халық әлі көруде. Оларды аяқтай жүріп сұрап, ауруханасына әкелген директор Асхат Дүйсенғалиев еді.
Дүйсенғалиевтің округтердегі медициналық нысандарды сақтау жолындағы жанкешті еңбегін айтпай кетуге болмайды. Қауырт қызметінің арасынан халықпен жұмыс жасауға да уақыт тауып, бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаты ретінде сайланды. Қазір қоғамдық кеңесті басқарады.
Қоғамдық – саяси еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың өзінен алғыс хат алды. Ал, медаль, ордендар да есеп жоқ. Бірақ, Асхат науқасының алғысынан артық, пейілінен бағалы марапат алып көрген емес.
Аурухана дәлізінде келе жатқан Асхат Дүйсенғалиев өмірлік жары Ләззат ханымды жолықтырды. Ләззат Аязбекқызы – терапевт. Ол кісінің Сырым ауданының халқының саулығын жолындағы еңбегі бөлек тақырып, бөлек әңгіме.
Асхат пен Ләззаттың ұлдары Жандос, Бектас, Нұрайдардың ұядан ұшып, ұлттың балаларына айналғанын біз емес, ел айтуда. Әке мен ананың мерейі деген сол емес пе?
Менің он оқып жатқан уағым. Екі аяғы ісіп, төсек тартып жатқанда жаным ашып:
Ибн Синаның мына тәмсілі Асхат Дүйсенғалиевтің көңіл тақтасында жазулы тұр.
Асекең қаңтардың 14 – і күні асқаралы 60 жасқа толды. Хирургияның ұстасы, хирургтардың ұстазына айналған Ибн Синаның жоғарыдағы сөзін әр шәкіртіне қайталаудан танбайды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы