Түске дейін С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде музей директоры Айнагүл Ойшыбайдың бастамашы болуымен «Болар менің мұрама оралар күн!» атты оқушылар арасында Абдолла оқулары басталды. Жыр аламанының ашылуына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов сөз сөйледі.
Ақын оқуларына Сырым ауданынан бөлек Теректі, Тасқала, Қаратөбе, Бөрлі, Бәйтерек аудандары және Орал қаласынан оқушылар қатысты. Шараның облыстық деңгейге көтерілуі Абдоллатану жұмысының жаңа деңгейін белгілейді.
Бірінші орынды сырымдық өрен, Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің оқушысы Айсана Мұрат жеңіп алды. Оған ақынның 110 жылдығы құрметіне 110 000 теңге сыйақы берілді. Екінші орынға қаратөбелік Марат Кенесары, үшінші орынға Мақсат Қазимжан ие болды.
Абдолла оқуына қатысқан әр балаға диплом мен қаржылай сыйлық берілді. Жұмағалиевтер жанұясының жүлдесі өз алдына…
“Мүмкін кері қайтпаспын, жоғалармын,
Көзім жұмып, құм көрпе оранармын.
Өлмен бірақ, бір кезде сыршыл ұлан
Болар менің мұрама оралар күн.” - деген ақынның үні туған жер аспанында қайтадан салтанат құра бастады. Ұрпағы Абдоллаға оралды!
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы