Сырым ауданындағы М. Қаналиев атындағы мектеп-балабақша-бөбекжай кешенінің оқушылары облыстық экофестивальде топ жарды.

Мектеп тәлімгері Нұрболат Жұмағазиев жетекшілік ететін, иә - иә, жазда Аңқатыны пластик қалдықтардан тазалап, күзде тоғандардан балық сүзіп, айдынға жіберіп, қыста мұз ойып, ауа жіберетін “жасыл жейделілер” Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Университет – экологиялық трансформациялардың драйвері» атты байқауда жаңа жобаларын таныстырды.
М. Қаналиев мектебінің 11 сынып оқушылары Құмар Саян, Гилман Мырзалы, Батырғали Нұршат, Насухаев Нұрхан және Бейбіт Инабат ғалымдар мен экологтар назарына экологияны сақтауға және түрлендіруге тек кәсіби маман емес, әр адам үлес қоса алатынын және табиғат аясындағы шаралар денсаулыққа оң әсер ететінін баяндайтын әсерлі әрі танымдық төл жұмыстарын ұсынды.
Байқаудың нәтижесінде алғабастық шәкірттер 900 000 теңге көлеміндегі грантқа ие болып, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да 1 жыл тегін оқуға мүмкіндік алды.
Сырым аудандық білім беру бөлімінің жазуынша, оқушылардың бұндай жоғары жетістікке жетуі мектеп тәлімгері, «Экоқорғаушылар» еріктілер тобының жетекшісі Нұрболат Жұмағазиевтің жүйелі еңбегі, кәсіби бағыт-бағдары және тынымсыз ізденісінің нәтижесі.
Әріптесіміз 2022 жылдан бері аталған топқа жетекшілік етіп, оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, ғылыми жобаларға тартуға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Топтың экологиялық бастамалары аудандық білім беру бөлімі мен Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып, облыстық деңгейде озық тәжірибе ретінде танылып, кеңінен таратылуда, - дейді бөлімнің әдістемелік кабинеті.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы