5.11.2024, 9:30
Оқылды: 151

Сырымдық педагог Мұқат Арыстанов «Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды

Сырымдық педагог Мұқат Арыстанов жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіге ие болды.

PHOTO-2024-11-04-09-54-59

Төсбелгінің куәлігіне ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолы қойылған. 

Мұқат Арыстанов Жымпитыдағы Қ.Мырзалиев атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып табысты еңбек етіп жатыр. Педагог – шебердің дәрістеріне басқа ауданның оқушылары да таласып қатысады. Әсіресе, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық кезінде жас түлектер Мұқат Арыстановтың жүйесімен кең қолданады.

Мұқат мұғалім оқушыларға тарих пәнін терең әрі оңтайлы оқыту үшін жеті жыл бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 2019 жылы екі бөлімді «Қазақстан тарихы: талапкерлер үшін әдістемелік құрал» атты кітабын құрастырып шығарды.

Бұл еңбек кітабы республика оқушылары арасында кеңінен танымал. 2023 жылы Алматы қаласында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсында аталған кітап жүлделі ІІ орынды иеленді.

2003-2015 жылдар ішінде бірнеше мәрте республика көлемінде өткен он екі жылдық білім беру жобасының эксперимент жұмысына қатысып, Алматы, Астана қалаларында оқулықтарды сараптау кеңестерінде бойынша баяндама жасады.

– Жастар тарихты жоғары балл алу үшін емес, ұлтын тану үшін оқуы керек. Пәндік міндеттемелерден тыс, өлкетану жұмыстарын жүргіземін. Ондағы ойым – шәкірттердің бойынан туған жерге, қазақ ұлтына деген сүйіспеншілікті ояту. Алашорда үкіметінің батыс бөліміне байланысты зерттеу жұмыстарым баспасөз беттерінде жарық көрді, - дейді Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің су жаңа иегері Мұқат Арыстанов.

Министрліктің марапатын БҚО білім беру басқармасының басшысы Елдос Сафуллин тапсырды.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале